Маңғыстау облысының өткен 11 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты, негізгі макрокөрсеткіштердің оң нәтижесіне қол жеткізілді.
ERNUR.KZ. Өңір экономикасының негізгі бағыттары – өңдеу өнеркәсібі, туризм, логистика, балық шаруашылығы. Аталған салалардың дамуына ғылыми және зерттеу институттарын тарту бойынша жұмыс жүріп жатыр. Бұл туралы өңір әкімі Нұрдәулет Қилыбай ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.
«Жыл басынан бері 235 млрд теңгеге 19 инвестициялық жоба іске қосылып, 612 жаңа жұмыс орны құрылды. 2026-2032 жылдары құны 10 трлн теңгеден астам 55 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда», – деді өңір басшысы.
«Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының қызмет ету мерзімі 2053 жылға дейін ұзартылып, аумағы қосымша 7,9 мың га кеңейтілді және 23 жаңа қызмет түрі енгізілді.
«Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясын толыққанды даму институты ретінде трансформация жасалып, жаңа ұйымдық құрылым бекітілді. Жалпы құны 22,1 млрд теңгені құрайтын 8 бірлескен жоба іске асып жатыр.


