Алматы мәслихатының бекіткен Атмосфералық ауаны қорғау қағидалары бар.
ERNUR.KZ. Алматыда 2027 жылдан бастап LEZ аймақтарында көмір сатуға тыйым салу жоспарланып отыр. Бұл қаланың экологиясына тікелей қатысы бар, деп жазады stan.kz.
2026 жылдың соңына қарай қалалық көмір базаларына теміржол арқылы көмір жеткізуді тоқтату жоспарланып отыр. Бұл туралы Экология мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өтті. Сол отырыста көмір базаларын көшіру жөнінде бұрын тапсырма берілгеніне қарамастан, кейбір нысандарда отынды түсіру және сату жұмыстары әлі де жалғасып жатқаны анықталды.
“Ұсынылған мәліметтерге сәйкес, қазіргі уақытта көмір базаларында шамамен 24 мың тонна көмір бар. Оның 22,8 мың тоннасы немесе 95%-ы кірпіш зауыттарына арналған ұсақ фракциялы көмір. Қолданыстағы алаңдарды жалға алу шарттарын бұзу жұмыстарын 2026 жылы 31 желтоқсанға дейін аяқтау жоспарланған”, – деп жазылған ведмоствода.
"Eco Almaty" ЖШС өкілдерінің мәліметінше, газға көшіру жұмыстары қамтыған 2 395 нысанның 1 879-ы газға қосылған. Қалған 516 нысан әлі де қатты отын пайдаланып отыр. Сөздерінше, оларды газға кезең-кезеңімен жабдықтау қажет. Әңгіме тек көп мөлшерде жылу қажет ететін кәсіпорындар туралы емес. Қатты отынды кейбір моншалар, қоғамдық тамақтану орындары және шағын бизнестің өзге де нысандары пайдаланады. Олар үшін газға көшу қазандықтарды, пештерді немесе басқа да жабдықтарды ауыстыру қажеттігін туындатуы мүмкін.
2027 жылғы қаңтардан бастап не өзгереді?
Алматы мәслихатының бекіткен Атмосфералық ауаны қорғау қағидалары бар. Онда арнайы экологиялық талаптар, соның ішінде шығарындылар деңгейі төмен аймақтарға (LEZ) қатысты нормалар қарастырылған.
Сәуір айында Eco Almaty компаниясының бас директоры Мирас Гайсин жаңа талаптар аясында кәсіпкерлер экологиялық таза отын түрлеріне көшуі қажет екенін түсіндірген болатын.
“Атмосфераға таралатын шығарындылар көлемін азайту мақсатында қағидаларға сәйкес қатты отын түрлерін, яғни көмір мен отынды, сондай-ақ сұйық отынды пайдалануға тыйым салынады. Оның орнына экологиялық таза отын түріне, атап айтқанда газға көшу қажет”, – деген еді ол.
Алматыны экологиялық таза отын түрлеріне көшіру жұмыстары тұрғын үйлер мен кәсіпорындарға ғана қатысты емес. Қаладағы ірі жобалардың бірі – көп жыл бойы көмірмен жұмыс істеген №2 жылу электр орталығын (ЖЭО-2) жаңғырту. Бұған дейін станцияны газға көшіру жұмыстарын 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланғаны хабарланған болатын. Жоба зиянды заттардың ауаға таралуын едәуір азайтып, қалаға түсетін экологиялық жүктемені төмендетуге тиіс. Алматы қаласының 2026–2028 жылдарға арналған табиғатты қорғау іс-шаралары жоспарына сәйкес, ЖЭО-2-ні жаңғырту нәтижесінде жылдық шығарындылар көлемін 37 мың тоннадан 2,7 мың тоннаға дейін қысқарту көзделген.
Сондай-ақ құжатта сондай-ақ ЖЭО-3-ті газға көшіру және жеке секторды одан әрі газдандыру жұмыстары қарастырылған.
Еске сала кетейік, Алматы тұрғыны көршілес аумақтағы мұржадан қою қара түтін шығып жатқанына шағымданды. Алайда оған түтін құрамындағы зиянды заттардың мөлшерін анықтау үшін зертханалық сараптаманы өзі жасатып, нәтижесін ұсыну қажеттігі айтылған. Бұл талап тұрғынның наразылығын тудырды.


