Бұл ДӘРІлерді қабылдағанда, КӨП әрі ЖЫЛДАМ қозғалуға болмайды

0
237

Кей емдік препараттар жарақат алу қаупін арттырады


Бұл ДӘРІлерді қабылдағанда, КӨП әрі ЖЫЛДАМ қозғалуға болмайды

Сурет: ЖИ

Қозғалыс пен дене жаттығулары адам денсаулығына өте пайдалы. Көптеген дертке қарсы ем алу кезінде, тіпті кейде жарақаттары бар адамдарға дәрігер дене белсенділігімен айналысуды кеңес етеді. Дәрі қабылдап жүргенде спортпен шұғылдануға толық тыйым салынбайды. Дегенмен кейбір дәрілік препараттардың әсері мен жанама әсерлері жаттығу кезінде жайсыздық тудырып, жарақаттану қаупін арттыруы мүмкін. Сондықтан дәрі қабылдап жүрген кезде жаттығудың түрі мен қарқынын дұрыс таңдап, өз жағдайыңызды үнемі бақылап отыру маңызды.

Ендеше, спортпен айналысу кезінде ерекше сақтықты қажет ететін дәрі-дәрмектер тобына тоқталайық.


Қан қысымын түсіретін дәрілер

Қан қысымын төмендететін дәрілерді қабылдау спортпен айналысуға кедергі емес. Керісінше, тұрақты аэробты және күш жаттығулары қан қысымын қалыпқа келтіруге көмектеседі.

Алайда мұндай дәрілердің жанама әсерлерінің бірі – қан қысымының шамадан тыс төмендеуі (гипотония). Қан қысымы 90/60 мм сын. бағ.-нан төмендеген жағдайда гипотония туралы айтуға болады.

Дене жаттығуларынан кейін де қан қысымы төмендеуі мүмкін. Әсіресе қарқынды жаттығудан соң оның төмен деңгейде бірнеше сағат сақталуы ықтимал. Дәрілер мен жаттығудың әсері қосылған кезде мынадай белгілер пайда болуы мүмкін:

  • бас айналу;
  • жалпы жағдайдың нашарлауы;
  • көздің бұлдырауы;
  • әлсіздік;
  • сананың шатасуы;
  • есінен тану.

Сонымен қатар жаттығуды бірден тоқтатпай, соңында денені біртіндеп тыныштандыру маңызды. Мысалы, қарқынды жаттығудан кейін жүгіру жолында 10 минут жай жүріп, ағзаның қалыпты жағдайға оралуына мүмкіндік беріңіз.

Егер дәрі қабылдап жүрген кезде спортпен алғаш рет айналыссаңыз, жаттығудан кейін бірден саунаға немесе ыстық душқа бармағаныңыз және көлік жүргізбегеніңіз дұрыс. Өйткені қан қысымы күрт төмендеп, бас айналу немесе есінен тану жағдайы болуы мүмкін.


Несеп айдайтын дәрілер

Бұл дәрілерге фуросемид, эплеренон, гидрохлоротиазид, торасемид, маннитол, спиронолактон, индапамид және хлорталидон жатады.

Диуретиктер ағзадан артық сұйықтық пен минералдардың шығарылуын жылдамдатады. Олар көбіне жүрек және бүйрек жеткіліксіздігі, бауыр циррозы мен қан қысымының жоғарылауы кезінде тағайындалады.

Жаттығу кезінде адам тер арқылы көп мөлшерде су мен минералды заттарды жоғалтады. Диуретиктер де ағзадан сұйықтықтың бөлінуін арттыратындықтан, ұзақ әрі қарқынды жаттығу кезінде сусыздану қаупі жоғарылайды. Сусызданудың негізгі белгілері – әлсіздік пен шаршау, бас айналу, қатты шөлдеу, ауыздың құрғауы.

Сонымен қатар терлеу және кейбір диуретиктер ағзадағы калий мөлшерінің азаюына әкелуі мүмкін. Бұл жағдай медицинада гипокалиемия деп аталады. Калий жетіспеген кезде жүрек ырғағы бұзылып, бұлшықеттер әлсірейді, құрысу, дененің шаншуы мен ұюы байқалуы мүмкін. Калий деңгейі қатты төмендесе, адам есінен танып қалуы да ықтимал.

Сондықтан жаттығудың қарқынын дәрігермен ақылдасқан дұрыс. Сондай-ақ электролиттері бар спорттық сусындарды қолдану қажеттілігін маманнан сұраңыз. Жаттығу кезінде өзіңізбен бірге су алып жүріп, шөлдеген кезде су ішуді ұмытпаңыз.


Қабынуға қарсы стероидты емес дәрілер

Бұл топқа ибупрофен, метамизол натрий, диклофенак, напроксен және нимесулид сияқты дәрілер жатады. Олар ауырсынуды басу және қабынуды азайту үшін қолданылады. Әсіресе спортшылар ауыр жаттығулардан немесе жарақаттан кейін бұл дәрілерді жиі пайдаланады. Кейбір адамдар оларды ауырсынуды басып қана қоймай, жаттығуды жалғастыру немесе жарысқа қатысу үшін де қабылдайды.

Алайда мұның қауіпті жақтары бар. Біріншіден, ауырсынуды басатын дәрілер ағзаның жарақат туралы табиғи белгісін сездірмей қоюы мүмкін. Егер бұлшықет немесе буын жарақаттанған болса, жаттығуды жалғастыру жағдайды одан әрі ушықтырады.

Екіншіден, ауыр жаттығулар кезінде ағза көп сұйықтық жоғалтады. Бұл бүйрекке түсетін салмақты арттырады. Ал ауырсынуды басатын дәрілерді қатар қабылдау бүйрек жұмысына кері әсер етуі мүмкін.

Сондықтан қарқынды жаттығу немесе жарыс алдында мұндай дәрілерді өз бетінше қабылдамаған жөн. Егер дәрігер тағайындаған болса, физикалық белсенділіктің қандай деңгейде болғаны дұрыс екенін міндетті түрде маманнан сұраңыз.


Фторхинолон тобы антибиотиктері

Бұл топқа ципрофлоксацин, норфлоксацин, офлоксацин, гемифлоксацин, левофлоксацин және моксифлоксацин жатады. Бұл антибиотиктер бронхит, өкпе қабынуы, гайморит, зәр шығару жолдарының инфекциялары және басқа да бактериялық ауруларды емдеу үшін қолданылады.

Зерттеулер фторхинолондарды қабылдау сіңірлердің, әсіресе өкше сіңірінің зақымдану қаупін арттыруы мүмкін екенін көрсеткен. Кей жағдайда сіңір қабынып, тіпті үзіліп кетуі мүмкін. Бұл қауіп қабынуға қарсы кортикостероидты дәрілерді қатар қабылдаған кезде одан әрі жоғарылайды.

Егер сізге осы топтағы антибиотиктер тағайындалса, «Спортпен айналысуға бола ма? Қандай жаттығулардан уақытша бас тарту керек?» деген сұрақтарды дәрігермен талқылаңыз. Әсіресе футбол, баскетбол, теннис, гимнастика, шаңғы тебу, биікке секіру және ауыр салмақ көтеру сияқты жаттығуларға сақ болған жөн.


Статиндер

Статиндер – қандағы холестерин деңгейін төмендетуге арналған дәрілер. Бұл топқа розувастатин, аторвастатин, симвастатин және питавастатин жатады.

Холестерин – ағзаға қажетті заттардың бірі. Алайда оның мөлшері шамадан тыс көбейсе, қан тамырларының қабырғасына жиналып, қан айналымына кедергі келтіруі мүмкін.

Статиндердің сирек кездесетін, бірақ қауіпті жанама әсерлерінің бірі – рабдомиолиз. Бұл кезде бұлшықет тіндері қатты зақымданып, ыдырай бастайды. Соның салдарынан қанға миоглобин атты ақуыз көп мөлшерде бөлінеді. Бұл ақуыз бүйрекке салмақ түсіріп, ауыр жағдайда бүйрек жеткіліксіздігіне әкелуі мүмкін.

Өте ауыр дене жаттығулары да рабдомиолиздің пайда болуына себеп болуы ықтимал. Мысалы, марафон жүгіру немесе бұлшықет әбден шаршағанша күш жаттығуларын жасау кезінде осындай қауіп туындайды. Әсіресе адам ағзасы мұндай жүктемеге дайын болмаса, қауіп арта түседі.

Статин қабылдайтын адамдарға жаттығуды жеңіл немесе орташа қарқыннан бастаған жөн. Жүктемені біртіндеп арттырып, жеткілікті мөлшерде су ішіп, ағзаның жағдайын бақылау қажет. Мына белгілер байқалса, дереу дәрігерге қаралыңыз:

  • зәр мөлшерінің азаюы;
  • зәрдің қою қоңыр немесе қызғылт түске өзгеруі;
  • қатты әлсіздік пен шаршау;
  • бұлшықеттердің ауыруы және қатаюы.


Инсулин және сульфонилмочевина тобы дәрілері

Бұл топқа глибенкламид, глимепирид және гликлазид сияқты препараттар жатады. Олар қант диабетін емдеу үшін қолданылады. Инсулин қандағы қант деңгейін төмендетеді. Ал сульфонилмочевина тобының дәрілері ұйқыбездің инсулин бөлуін ынталандырады.

Дене жаттығулары да қандағы қант мөлшерін төмендететіндіктен, дәрілер мен физикалық белсенділіктің әсері қосылып, гипогликемияға, яғни қандағы қант деңгейінің шамадан тыс төмендеуіне әкелуі мүмкін.

Гипогликемияның белгілері:

  • шаршау және әлсіздік;
  • ашушаңдық;
  • қатты ашығу;
  • бас айналу;
  • жүрек соғысының жиілеуі;
  • бас ауруы.

Ал ауыр жағдайда адам есінен танып, құрысуы мүмкін. Мұндайдың алдын алу үшін жаттығудың ұзақтығы мен қарқынын дәрігермен келісу қажет. Маман жаттығуға дейін, жаттығу кезінде немесе одан кейін көмірсуға бай тағам қабылдауды немесе инсулин мөлшерін түзетуді ұсынуы мүмкін.


Бензодиазепиндер

Бензодиазепиндерді дәрігерлер көбіне ұйқысыздық, мазасыздық және алкогольді тоқтатқаннан кейінгі абстиненция белгілерін емдеу үшін тағайындайды. Бұл дәрілер тобына алпразолам, лоразепам, диазепам және оксазепам жатады. Препараттар жүйке жүйесінің шамадан тыс белсенділігін төмендетеді. Бірақ олардың кейбір жанама әсерлері спортпен айналысу кезінде қауіп тудыруы мүмкін. Мысалы ұйқышылдық, бас айналу, сананың шатасуы, тепе-теңдікті сақтаудың қиындауы. Әсіресе егде жастағы адамдарда тепе-теңдіктің бұзылуы жиі кездеседі. Сондықтан бензодиазепин қабылдап жүрген кезде тепе-теңдікті қажет ететін жаттығуларды орындауда сақ болу керек. Мысалы, биікке секіру, арнайы тұғырға шығу, штанга, гантель немесе гирь көтеру кезінде жарақат алу қаупі артады. Спортпен қашан айналысу қауіпсіз болатынын дәрігерден нақтылап алған дұрыс.

Дене белсенділігі – денсаулықты нығайтудың маңызды жолы. Бірақ белгілі бір дәрілерді қабылдап жүрген кезде жаттығудың түрі мен қарқынына ерекше назар аудару қажет. Мақала ақпараттық мақсатта дайындалған. Дәрілерді қабылдау, олардың мөлшерін өзгерту немесе жаттығу тәртібін белгілеу мәселесі бойынша емдеуші дәрігермен кеңесу қажет.

Дайындаған: Т. СЕЙІТХАН,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Денсаулық ПЛАСТЫРЬЛЕРІ шынымен көмектесе ме?