Халық арасында сақталған көне емдік ғұрып
Сурет: ЖИ
Қазақ халқы ежелден аурудың себебін де, емін де табиғатпен, адамның тұрмыс-тіршілігімен, көзге көрінбейтін тылсым күштермен байланыстырған. Халықтық емшілік тәжірибесінде шөппен емдеу, денені уқалау, аластау, дем салу, дұға оқу, түрлі ырымдар жасау сияқты тәсілдер қатар қолданылған. Солардың бірі – шаншу қадалғанға қатысты халықтық ырым.
Қазақта «Ауруда – шаншу жаман, сөзде – қаңқу жаман» деген мәтел бар. Осы сөздің өзі бұл жайсыздықтың қаншалықты мазаны қашыратынын аңғартады.
Адамның арқасы, белі, қабырға тұсы немесе кеудесі шаншып ауырғанда «шаншу тиді», «шаншу қадалды» дейді. Мұндай жағдайды бұрынғылар көбіне суық тиюмен, жел өтуімен байланыстырып, денеге жиналған суықты шығару керек деп түсінген. Сондықтан бал жағу, қойдың құйрық майын пайдалану, жылы орану, денені уқалау, қыздыру секілді тәсілдерге жүгінген.
Шаншуды емдеуге қатысты ел ішінде көпшілік біле бермейтін тағы бір қызық ырым бар. Ол – Шанышқылы руынан шыққан әйел адамдарының арнайы массажы мен емдік әрекеті арқылы шаншуды қайтару әдісі.
Халық арасында тараған түсінік бойынша, Шанышқылы руынан шыққан қыздардың кейбіріне шаншуды шығаратын ерекше қасиет дарыған деп есептеледі. Сенімге сәйкес, олар арнайы сөз айтып, белгілі бір қимылдар жасап, ауырған жерді қолмен уқалау немесе басу арқылы шаншуды қайтарады-мыс.
Бұл ғұрыптың ерекшелігі – емдеу кезінде адамның ниеті мен сеніміне, ем жасаушының сөзі мен әрекетіне айрықша мән берілуінде. Кейбір нұсқаларында «Бисмиллаһ» деп бастап, шаншуды денеден кетіруге арналған арнайы сөздер айтылады. Ал кейбір өңірлерде ошақ көсейтін көсеу, шымшуыр немесе басқа да тұрмыстық құралдар пайдаланады.
«Ауырмаңыз!» газетінде жарияланған Жұлдызай Андастың «Шанышқылының қыздарында ғана бар ерекше қасиет» атты жазбасында автор осындай емге өзі жүгінгенін баяндайды.
Автордың айтуынша, арқасы мен бел тұсына қатты шаншу қадалып, тіпті тыныс алуы қиындағанда, бал, лимон, йод, қойдың құйрық майы, спиртпен сүрту сияқты түрлі халықтық тәсілдерді қолданып көргенімен, жеңілдік сезінбеген. Кейін көршісінің ұсынысымен Шанышқылы руынан шыққан Жәмила апайға барған. Жәмила апай Шанышқылы руынан шыққан қыздарға осындай қасиет берілгеніне сенетінін жеткізіп, емдеу рәсімін бастаған.
«Осылайша қолына көсеуін алып Жәмила апай мынадай сөздерді айтып, мені емдеуге кірісіп кетті:
«Бисмиллаһи рахмани рахим!
Шанышқылының қызымын,
Шаншарханның өзімін!
Шанышқылының қызымын,
Шаншарманның өзімін!
Босат кеудесін өзіне, босат! Босат!
Сен шаншу болсаң – мен қаңқумын!
Сен шаншу болсаң – мен қаңқумын!
Мен де кеттім, сен де кет!
Мен де кеттім, сен де кет!
Қараңғыда түнмен кет!
Ағып жатқан сумен кет!
Атып жатқан таңмен кет!
Батып жатқан күнмен кет!
Мен де кеттім, сен де кет!
Мен де кеттім, сен де кет!»
Арқама, омыртқам мен қабырғаларыма көсеуді батырып-батырып сұққылап тұрып, бар даусымен шаншуға «кет-кет!» деп айғайға басты. Бұдан кейін тура осы сөздерді айтып көкірегіме, мойным мен тамағымның астына, асқазаным мен ішіме көсеуді басып-басып, сұққылады»,-деп жазады автор.
Жұлдызай Андас жазбасында емнен кейін үйіне қайтып, тынығып ұйықтағанын, келесі күні оянғанда арқасындағы ауырсынудың басылғанын және еркін қозғала алғанын айтады. Автор бұл жағдайды Жәмила апайдың жасаған ем-домымен байланыстырып, халық арасында сақталған көне емшілік дәстүріне таңданысын білдіреді.
Халық арасындағы пікірлер
Бұл емдеу тәсілі туралы естіген-естімегенін біраз кісіден сұрастырып көрдік. Кейбіреулері мүлде білмейтін болып шықты. Алайда, жауап берушілер арасында шаншу мен Шанышқылы руының арасындағы тылсым туралы естігендер, шарапатын көргендер, тіпті, өзі шипагерлік жасағандар да кездесті.
Мәселен, О. Алданазаров өзінің Шанышқылы руынан екенін айтып, адамдардың оған массаж жасататынын жазады. Оның сөзінше, массаждан кейін ауырсынуы басылғанын айтып, алғыс білдіретіндер көп. Дегенмен ол өзінің кәсіби массажист емес екенін ескертті.
Диляра есімді оқырманның ойынша, бұл қасиет Шанышқылы руының ұлдарына емес, қыздарына ғана тән. Өзінің сол рудан екенін айтқан ол шаншуды шығару тәсілін білетінін, бірақ оны кез келген адамға емес, жақындарына ғана жасайтынын жеткізген.
Ал Ж. Оразтаева бұл ырымның кейде аталған руға қатысы жоқ адамдар арасында да қолданылады деп бір құпияны ашты. Оның айтуынша, кейбіреулер Шанышқылы болмаса да, «Мен Шанышқылының қызымын» деп айтып, шаншуды емдеу рәсімін жасай береді. Өз ауылында Шанышқылы руының өкілдері болмаса да, осындай тәсілді қолданатындар бар екенін айтады.
Оқырмандардың арасында емдеу жолын өзгеше сипаттағандар да бар. «Шаншу қадалған жерге бес саусақты батырыңқырап, «Бисмиллаһ» деп, үш рет бір нәрсені жұлып алғандай қимыл жасаса, ауырғаны сап тыйылады» дейді оқырман Г. Айменова.
Ұмытқан атты апа да бұл емдеуде міндетті түрде Шанышқылы руының қызы болу шарт емес деген пікір білдірді. Оның айтуынша, бұрыннан келе жатқан дәстүрде от көсейтін көсеу, шымшуыр немесе басқа құралдар пайдаланылған. Әртүрлі өңірде бұл әрекеттің атауы да әрқалай айтылуы мүмкін.
Осы пікірлерге назар аударсақ, халық арасында тараған бұл ғұрыптың бір ғана қалыптасқан нұсқасы жоқ екенін байқауға болады. Бір жерде қолмен массаж жасауға басымдық берілсе, басқа жерде арнайы сөздер, үш рет қайталанатын қимылдар немесе тұрмыстық құралдар қолданылуы мүмкін. Кейбір адамдар оны тек Шанышқылы руының қыздарына тән қасиет деп қабылдаса, енді біреулер бұл тәсілді кез келген адам жасай алады деп есептейді.
Ырымның астарында қандай түсінік жатыр?
Бұл дәстүрдің қызықты тұсы – оның тек денені уқалау немесе ауырған жерді басумен шектелмеуінде. Мұнда рулық таным, ата-баба рухына құрмет, діни сенім, сөздің құдіретіне илану және адамның қолының қасиетіне сену сияқты ұғымдар тоғысқан.
Халықтық дүниетанымда белгілі бір әулетке немесе руға тән ерекше қабілет болады деген түсініктер кездеседі. Кейбір адамдар белгілі бір ауруды емдеуге бейім келеді, ал олардың қабілеті ұрпақтан-ұрпаққа беріледі деген сенім де ел ішінде сақталған.
Шанышқылы қыздарының шаншуды шығару рәсімі де осындай нанымдардың бірі болуы ықтимал. Мұнда «Бисмиллаһ» деп басталатын сөздер мен арнайы қайталанатын тіркестердің қолданылуы емдеу рәсімінің діни және дәстүрлі дүниетаныммен сабақтас екенін аңғартады.
Дегенмен бұл ырымның нақты қай кезеңде пайда болғаны, алғаш қай өңірде таралғаны және тек Шанышқылы руының қыздарына қатысты болған-болмағаны жөнінде әзірге толыққанды этнографиялық дерек жоқ. Халық арасында ауызша сақталған жергілікті емшілік дәстүр ғана.
Шанышқылы руының қыздары арқылы шаншуды қайтару туралы әңгімелер – халық жадында сақталған осындай нанымдардың бір көрінісі. Оқырмандардың пікірлері мен жеке тәжірибелері бұл дәстүрдің әлі де ел арасында айтылып, кей жерлерде қолданылып жүргенін көрсетеді.
Дайындаған: Т. СЕЙІТХАН,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:
Мына ҰЛТТЫҚ ТАҒАМДАРДЫҢ қайсысын танисыз?
ТАСТАУҒА ОБАЛ: Кеңес дәуірінің ЖИҺАЗын ЖАҢАРТУ қиын емес


