2023 жылдың сәуір-қазан айлары аралығында QR арқылы 6,3 трлн теңгеге 1,2 млрд операция жасалды.
ERNUR.KZ. Қазақстанда мобильді аударымдарға салық салу шарттары қайта қаралуы мүмкін, деп жазады sputnik.kz.
Бұл туралы депутаттық сауалға жауап берген премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров мәлімдеді.
Салықшылар үш айдың ішінде 100 және одан көп адамнан жалпы сомасы 3 ең төменгі жалақыдан (255 мың теңгеден) асатын ақшаны мобильді аударым арқылы алған адамды тексере бастайды.
Осы орайда министр кәсіпкерлік кодекстің негізгі шартын еске салды. Оған сәйкес, бір жылдық табысы 12 ең төменгі жалақыдан асатын, яғни, шамамен 1 миллион теңгені құрайтын адамдар жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге міндетті.
Ресми мәліметке сәйкес, 2023 жылы бөлшек саудада қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі 86 процентке жетті. Халық QR-ды жиі пайдаланып жүр. Былтыр сәуір-қазан айларында QR төлемдердің көлемі 6,3 трлн теңгені құрады. Бұл - барлық операцияның 17 проценті.
Жалпы, соңғы үш жылдың ішінде Қазақстанда қолма-қол ақшасыз төлемдердің саны төрт есеге өсіп, 2023 жылы 11 айдың ішінде 127,4 трлн теңге болды.