Концертте ол 31 ән орындады.
ERNUR.KZ. Танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайберген өзінің Stranger жеке бағдарламасымен Алматыда алғаш рет концерт берді. Бұл шараға 30 мыңнан астам көрермен жиналды, деп жазады sputnik.kz.
Димаштың концертіндегі 2,5 мың полицей қауіпсіздікті қамтамасыз етті. Полицейлер концерт өтетін жерде де, оның маңайында да патрульдеу жұмыстарын жүргізді. Концерт басталар алдында көрермендер Димаштың суретімен концерттік баннер алдында суретке түсті. Мұндай баннерлер бірнеше болғанымен оның әрқайсысының алдында кезек түзілді.
Әншінің Ресей, Норвегия, Чехия, Словения, Мексика және АҚШ-тағы жанкүйерлері сүйікті әртістерінің концертіне арнайы келген. Димаш Құдайбергеннің баспасөз қызметінің хабарлауынша, концертке әлемнің 68 елінен 6 мыңнан астам жанкүйер келген.
Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлерінің бірі Сив Лакоу концертке Норвегиядан арнайы ұшып келгенін айтты. Оның айтуынша, Димаш Норвегияда өте танымал және дүйсенбі күні онымен бірге 40-тан астам адам ұшып келген. Концерт қарсаңында олар қаланың көрікті жерлерін аралап, Алматы облысындағы танымал демалыс орындарында болып қайтқан. Концерттен кейін Норвегиядан келген жанкүйерлер Димаштың туған жері Ақтөбеге, одан кейін Астанаға баруды көздеп отыр.
"Мен Қазақстанға Димаштың әнін тыңдау үшін келдім. Димаштың шығармашылығына қатты тәнтімін, ол жүрегімен ән салады. Мен қазақша түсінбеймін, бірақ оның әндерінде айтылғанның бәрін түсінемін. Ол өте ерекше, дауысы керемет. Көп жыл бұрын, 2017 жылы мен Димаштың әнін алғаш рет естідім, содан бері оның жанкүйерімін", - деді Сив Лаку.
Алматылық жанкүйерлер Лидия мен Мадина да Димаштың шығармашылығын ұзақ жылдар бойы қадағалап келеді.
"Бұл жұлдыз өнер аспанында жарқ еткен сәттен бастап біз бірден оның жанкүйері болдық. Себебі мұны байқамау мүмкін емес. Мен оның Кремльдегі бірінші концертінде болдым, концерт үш күн қатарынан жалғасты. Ол жақта Димаштың басқа елдерден келген жанкүйерлерімен таныстық. Оның ең үлкен жанкүйерлері – қытайлар, олар жарық жұлдыздың шығармашылығы өрлей беруі үшін мейлінше қолдау көрсетіп келеді", - деді Лидия.
Димаш Құдайберген өз өнерін кешкі сағат сегізде бастады. Димаштың концертінде заманауи түрлі-түсті шоу ұйымдастырылды. Димаштың сахнаға алғаш шығуы ерекше әсерлі болды – ол көпқабатты үйдің биіктігіндей концерт нысанының төбесінен түсті. Әртіс сахнаға "Алтын адамның" киімін еске түсіретін қазақтың алтын оюы бар қызыл костюммен шықты.
Концертте ол 31 ән орындады. Олардың арасында тыңдармандардың сүйіп тыңдайтын хиттері де, жаңа әндері де бар. Сондай-ақ Димаш Құдайберген халық аспаптар ансамблінің сүйемелдеуімен қазақтың "Дайдидау" әнін шырқады.
Сахнада өнер иесі ән айтып қана қоймай, барабан мен гитарадан бастап, фортепиано, домбыра және басқа да қазақ музыкалық аспаптарына дейінгі түрлі музыкалық аспаптарда шебер ойнады.
Димаш жергілікті жанкүйерлермен қазақ тілінде, шетелдік жанкүйерлермен ағылшын тілінде сөйлесті. Димаш жанкүйерлерін "dears" деп атайды. Жалпы концерт 150 минутқа есептелгенімен, нәтижесінде 4 сағатқа жуық уақытқа жалғасты.