Қазақстанға ең көп білім грантын Мажарстан бөліп отыр.
330 қазақстандық шетелдік жетекші жоғары оқу орындарына оқуға түсуге ұсынылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Олар Қазақстан мен басқа елдер арасында Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен жасалған үкіметаралық келісім шеңберінде тегін оқи алады. Яғни, Мажарстан, Польша, Қытай, Украина, Словакия, Әзірбайжан және Вьетнам университеттерінде тегін оқу мүмкіндіктері бар.
Орталық Азия елдері арасында Қазақстанға ең көп білім грантын Мажарстан бөліп отыр — 250, Қытай – 47, Польша – 11, Украина – 10, Словакия – 3, Әзербайжан – 8, Вьетнам – 1. Гранттар бакалавриат, магистратура, докторантура және резидентура бағдарламалары бойынша бөлінеді.
«Әңгімелесу барысында әрбір үміткерге мамандық таңдауға деген ынтасы мен жігері, теориялық білімі мен оқудағы немесе таңдаған мамандығы саласындағы жетістіктерінің деңгейін анықтау үшін сұрақтар қойылды. Сондай-ақ біз ойлау логикасының деңгейін, сөйлеу сапасын, кез-келген жағдайдағы мәселелерді шешу бойынша үміткерлердің жеке қасиеттері мен дағдыларын бағаладық. Білім беру гранттарын тағайындау туралы түпкілікті шешімді қабылдаушы тарап қабылдайды», – деді ҚР БҒМ Халықаралық бағдарламалар орталығының президенті Айнұр Кәрібозова.
Үміткерлерді іріктеуді депутаттар, сарапшылар, инженерлік-техникалық, медициналық, гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдарының докторларынан құралған тәуелсіз комиссия жүргізді.
Тәуелсіз сараптама комиссиясы негізгі және резервтік тізімге шет тілін білу деңгейі, білімі туралы құжаттың орташа балы және әңгімелесудің орташа бағасының жиынтығы бойынша ең жоғары орташа балл жинаған үміткерлерді енгізді.