5 қаңтардан бастап "жасыл" статусы жоқ адамдарға қандай шектеу енгізіледі

0
543

​Коронавирустың "Омикрон" штамының жылдам таралуына байланысты Қазақстанда жаңа шектеулер енгізілді.


5 қаңтардан бастап

ERNUR.KZ. 2022 жылдың 5 қаңтарынан бастап коронавирус инфекциясы таралуының алдын алу бойынша қосымша шаралар аясында жекелеген нысандардың жұмысына қатысты енгізілетін жаңа шектеулер күшіне енеді, деп жазады sputnik.kz.

Қазақстанның бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысымен жұмыс және демалыс күндері сауда және ойын-сауық орталықтарына, сауда үйлеріне, сауда желілеріне (азық-түлік емес), сауда желілеріне (сауда алаңы 6000 шаршы метрден асатын азық-түлік нысандары), караокеге кіруге қауіпсіз "жасыл" статусы (вакцинация, сынама алынған күннен бері 7 тәулік өтпеген ПТР-тестінің теріс нәтижесі, тұрақты медициналық себебі бар, соңғы 3 ай ішінде коронавируспен ауырып тұрған адамдар) бар қызметкерлер мен келушілерге ғана жұмыс режиміне шектеусіз рұқсат беріледі.

"Қабылданған шаралар коронавирустың "Омикрон" нұсқасының таралу жылдамдығына негізделген. Бұл штамм қазірдің өзінде әлемнің 110 елінде анықталды. 30 қарашада-ақ жаңа штамм табылған мемлекеттер саны небәрі 10 болатын", - деп жазылған COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия хабарламасында.

Ведомствоаралық комиссия "Омикрон" штамының жылдам таралуына байланысты бірқатар елдердің денсаулық сақтау жүйесіне шамадан тыс жүктеме түсіп отырғанын айтты. Қабылданған шаралар эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтылығын сақтауға, аурулар санының өсу қаупін азайтуға және қатаң шектеу шараларын енгізуге жол бермеуге бағытталған.

Коронавирустың бұл нұсқасының жұқпалылығы "Дельта" штамынан 5 есе жылдам екенін және қайта жұқтыру қаупі жоғары екенін есте ұстаған жөн. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамы бойынша, ауру бірнеше айдың ішінде бүкіл әлемге таралады.