Әйелін өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысы үзілістен кейін жалғасты.
ERNUR.KZ. Нүкенова қайтыс болған күнгі видеолар көпшілікке көрсетілмегенімен зардап шеккен тарап адвокаттарының сөзінен ондағы кей деректер белгілі болды. Сол күнгі видеоларда Бишімбаевтың киімінде қоңыр қызыл түсті дақтар болған. Нүкенованың мұрны мен ернінен қан кеткен. Күйеуі оны видеоға түсірген кезде ол денесін жабуға тырысқан, деп жазады stan.kz.
Үзілістен кейін Байжановтан жауап алу жалғасты.
“Мен 19:24-те жедел жәрдемге хабарластым. Жедел жәрдемнің Достық көшесімен келе жатқанын көріп далаға шықтым. Далаға шыққанда Бишімбаев бөлмеде жалғыз қалды. Ол кезде Салтанаттың денесі ақ матамен жабылмаған еді. Мұны Бишімбаевтан басқа ешкім істеуі мүмкін емес”, – деді ол.
Содан кейін Бишімбаев оны Салтанаттың телефонын әкелуге жұмсаған.
“Телефонды көліктің алдыңғы жағынан таптым. Бишімбаев ортақ залда екен, апарып бердім. Бірдеңе өшірді ма-жоқ па, не істегенін білмеймін, кетіп қалдым. 15 минуттай соның қолында болды. Содан кейін маған қайта берді. Таңертең екінші рет вип-кабинаға кірген кезде екі диванды қосып қойған екен. Үстелге жақын тұрғанында Салтанат жатты. Диванды орнына кім қайта қойғанын білмеймін. Мен тек жедел жәрдемге Салтанатты түсіруге көмектестім”, – деп жауап берді Байжанов.
Нүкеновалардың адвокаты 9 қарашадағы Байжановтың телефонындағы Смаиловамен сөйлесуін қайта тексеруді сұрады. Себебі бұған дейін Байжановтың телефоны толық тексерілгенімен тек осы хат алмасу қалып кеткен екен.
Оның аты Байжановтың телефонында “Администратор Малефисента” деп сақталған.
Байжановтан Бишімбаевтың сол күні қандай аяқкиім киіп жүргені сұралды.
“Ол жалаң аяқ жүрген еді. Ал аяқкиімі вип-кабинада тұрды”, – деп жауап берді ол.
“Мен бауы бар қара туфли киіп жүрдім”, – деді Бишімбаев.
Адвокат “кеше куәгер Насырбекова кездескен кезде Бишімбаев бауы жоқ туфли киіп жүрді” деп айтқанын еске салды. Сонымен қатар Нүкенованы теуіп жатқаны видеода да оның туфлиінде бау болмаған.
Бишімбаев “мұның бәрі – ойдан шығарылған сандырақ” деп, Нүкенованы теппегенін, жай итергенін айтты.
Адвокаттар Байжанов жедел жәрдемге хабарласқан жазбаны тексергенде дәрігерлер саусақпен мойнынан тамыр соғысын тексеру керек және қолын ұстап көріңіз деп сұрағанын айтты. Ол “қолы суық” деп жауап берген. Ал жауап алу кезінде марқұмның “дене температурасы қалыпты болғанын” айтқан. “Неге жауабыңызда мұндай қайшылық болып отыр деп сұрады Нүкеновтердің адвокаты. Ол “шынымды айтсам, аса түсінген жоқын. Қалыпты дегенді түсінбедім” деді.
Сонымен қатар адвокаттар Бишімбавтан әжетханадағы скотч пен ысқыш қайдан пайда болғанын сұрады. Бишімбаев “білмеймін” деп жауап берді.
Адвокат 30 қарашада сараптама скотчтан Нүкенованың генетикалық материалын тапқанын айтты.
Бишімбаев “оның қайдан шыққанын білмеймін” деді.
Адвокат “сіз өзіңіз түсірген видеода, Нүкенова отырған унитаздың жанында ысқыш тұр. Сонымен қатар видеода қан тұр. Ал түсірілген суретте ол жоқ. Қалай болғанын түсіндіре аласыз ба” деп сұрады.
Сонымен қатар адвокат видеода Салтанат Нүкенованың еш жері көгермегенін, қызармағанын айтты. “Сонда сіз өзіңізге керек жауапты естігеннен кейін оны ұрып-соқтыңыз ба” деп сұрады адвокат.
Бишімбаев “видеоны дұрыстап көру керегін, кей жерлері көгеріп тұрғанын” айтты.
Нүкеновтердің адвокаты Бишімбаевтан “неге оны “көңілдесіңмен жыныстық қатынасқа түстім деп айт” деп мәжбүрледіңіз” деп сұрады.
“Егер сіздің әйеліңіз киімін шешіп тастап, залда жалаңаш жүрсе, сыйлаған заттарыңды лақтырып тастап, боғауыз сөздер айтса, не істер едіңіз? Мен де оның намысына тиіп, қорлағым келді. Себебі оған дейін 6 сағат бойы мені мезі қылды. Мен келесі күні оған осы видеоларды “қандай жағдайға жеткеніңді қарашы” деп көрсеткім келді”, – деді Бишімбаев.
- Сіз үнемі Салтанат боқтады, киіміңізді шешуге тырысты деп айтасыз. Неге сол кездерді видеоға түсірмедіңіз?
- Мен мұндай жағдай болады, таңға дейін боламыз деп ойлаған жоқпын. Сосын орнынан тұрсын, үйге қайтайық деген мақсатпен видеоға түсіре бастадым.
- Онда ол неге жаурадым, кеткім келеді деп айтқан?
- Сіз нақты уақытты айтыңызшы, себебі ол арасында далаға да шығып келді.
- Видеоны талдаған кезде оның мойны көгермегені байқалып тұр. Сіз сонда оны 8 бен 10 аралығында қылқындырдыңыз ба?
- Мен оны қылқындырған жоқпын. Тек бір рет, видеодан көрдіңіздер, сол кезде ғана.
- Видеода Салтанаттың тізе жағында қан іздері болды. Ал фотоларда ол жоқ. Оны кім сүртті?
- Оны мен сүрттім. Сол жерден табылған сулықтармен сүрттім.
Айта кетейік, Бишімбаев сотында айыпталушы үнемі жүгінетін көріпкелден жауап алынды. Оқиға болған күні Бишімбаев оған қайта-қайта хабарласып, Салтанаттың жағдайы нашарлап бара жатқанын айтқан.