Соттың жаңа отырысына әлеуметтік желіде жарияланған видео, жазбалар себеп болған.
Фото: threads.com/@akbergenova__nurshatтанада
ERNUR.KZ. 600 мың теңге тұратын тортқа тапсырыс беріп, тортты алған соң ақысын төлеуден бас тартқан блогер мен кондитер арасындағы дау жалғасын тапты. 2026 жылғы 6 қаңтарда тараптар қайтадан Астана қаласының азаматтық істер бойынша ауданаралық сотында кездесті, деп жазады stan.kz.
Блогер Аселина Батыр сотқа абырой мен кәсіби беделді қорғау, кибербуллингті тоқтату, моральдық зиянды өтеу, сондай-ақ авторлық құқықтар мен жеке деректерді қорғау бойынша талаппен жүгінген.
Соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, отырыс барысында тараптар арасында нақты келісім-шарттық қатынастар болғаны анықталды. Кондитер мерекелік шараға торт жасап берген, ал блогер өнімді белгіленген мақсатта пайдаланды. Бұл факт сотта талқыланбады. Алайда торттың нақты құны алдын ала келісілмегендіктен, осындай дау туындап отыр.
Соттың жаңа отырысына әлеуметтік желіде жарияланған видео, жазбалар себеп болған. Тараптар арасындағы қақтығыстан кейін желіде жағдайға арналған видеоматериалдар тарай бастады. Бұл видеолар үшінші тұлғалар тарапынан жасалған, ал блогер тек осы материалдарды репост жасаған.
“Соттық тергеу барысында видеоматериалдарды үшінші тұлғалар жасағаны анықталды. Жауапкер көрсетілген материалдардың авторы емес”, – деді сотта.
Тараған жазбаларға абыройға нұқсан келтіретін сипатқа ие болуы мәселесі қаралды. Алайда талапкердің қалауы бойынша, лингвистикалық немесе басқа сот сараптамасын жүргізілмейтін болды.
“Сараптамалық қорытынды жоқ болған жағдайда, сот тараған ақпараттың нұқсан келтіретін сипатын, оның құқықтық табиғатын анықтау мүмкіндігінен айырылады”, – деп түсіндірді баспасөз қызметі.
Сонымен қатар сот авторлық құқықты бұзу және жеке деректерді пайдалану мүмкіндігіне қатысты талаптарды да бағалады. Бұл дәлелдер расталмады. Атап айтқанда, сот дау туғызған белгілер бір-біріне шатастыру дәрежесіне дейін ұқсамайтынын және жеке деректерді бұзу фактісі дәлелденбегенін айтты.
Сот талапты қанағаттандыруға негіз жоқ деп шешіп, сұралған талаптарды қанағаттандырудан бас тартты. Алайда шешім әлі заңды күшіне енген жоқ және шағымдануға болады.
Мән-жайы
2025 жылы әлеуметтік желілерде “торт дауы” болған оқиға блогер Аселина Батыр мен кондитер Нұршат Ақбергенова арасындағы азаматтық сот ісіне ұласты. Даудың өзегі – Астанада Аселина Батырға туған күніне арнайы дайындалған құны 600 мың теңге болатын торттың ақысы толық төленбегені. Сондай-ақ кейін блогердің әлеуметтік желідегі жазбалары кондитердің іскерлік беделіне нұқсан келтірді деген талап болды. Бұл жағдай желіде жылдам таралып, қоғамда қызу пікірталас тудырды.


