669 дәрілік препараттың бағасы төмендеді

0
109

Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмектің бағалық қолжетімділігін бақылауды жалғастыруда.


669 дәрілік препараттың бағасы төмендеді

Фото: omnipharm.ru

ERNUR.KZ. Денсаулық сақтау министрлігі дәрілік заттардың бағасына жүргізілген мониторинг қорытындысын жариялады, деп жазады inbusiness.kz.

"Тауарларды таңбалау және қадағалау" ақпараттық жүйесінің деректері негізінде еліміздің 20 өңіріндегі дәріханаларда сатылатын 2635 дәрілік препараттың бағасына салыстырмалы талдау жасалған.

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, 1309 дәрілік препараттың (49,5%) бағасы өзгеріссіз қалған. Ал 669 дәрілік заттың (20,4%) бағасы төмендегені анықталды.

Министрліктің мәліметінше, қазіргі уақытта бөлшек сауда желісінде сатылатын 4994 дәрілік препарат шекті бағаларды реттеу тетігімен қамтылған. Реттелетін сегменттегі препараттардың жартысынан астамының бағасы тұрақты деңгейде сақталуда.

Сонымен қатар, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі шеңберінде қолданылатын 3 мыңнан астам дәрілік препарат, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеуге арналған дәрілер қосылған құн салығынан босатылған.

Ведомство дәрілік заттардың бағалық қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстың жалғасатынын атап өтті. Ал дәріханаларда белгіленген шекті бөлшек сауда бағаларының асып кету фактілері анықталған жағдайда азаматтар DariKZ мобильді қосымшасы арқылы тауарлық чек пен дәрілік заттың қаптамасын қоса тіркеп, Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаменттеріне өтініш жолдай алады.

Сондай-ақ DariKZ мобильді қосымшасы арқылы дәрілік заттарды қолданғаннан кейін туындаған жағымсыз әсерлер туралы ақпаратты да жіберуге болады.