"7-20-25" және "Баспана хит" ипотекасын төлеу мерзімі үш айға ұзартылды

0
602

​Банктер төлемдерді 2022 жылдың 5 қаңтарынан 5 сәуірге дейінгі кезеңге кейінге қалдыруды ұсынады.


ERNUR.KZ. "7-20-25" және "Баспана хит" ипотекалық бағдарламалары бойынша төлем мерзімі 90 күнге дейін ұзартылды, деп жазады sputnik.kz.

"Қазақстанның орнықтылық қоры" АҚ басқармасының шешімімен төтенше жағдай енгізу салдарынан зардап шеккен қарыз алушыларды қолдау шараларын іске асыру шеңберінде "7-20-25" және "Баспана хит" ипотекалық бағдарламаларының клиенттеріне айыппұл мен өсімпұл есептемей, 2022 жылдың 5 қаңтарынан бастап 90 күнге дейін төлемді кейінге қалдыру ұсынылды", - делінген хабарламада.

Қазақстан қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің 2022 жылдың 10 қаңтарындағы бұйрығымен төтенше жағдай енгізу салдарынан зардап шеккен жеке және заңды тұлғалардың қарызы бойынша төлемдерді кейінге қалдыруды ұсыну тәртібі бекітілді.

"7-20-25" және "Баспана хит" ипотекалық бағдарламалары бойынша төлемді кейінге қалдыру осы тәртіп шеңберінде қолданылады.

Тәртіпке сәйкес, банктер төлемдерді 2022 жылдың 5 қаңтарынан 5 сәуірге дейінгі кезеңге кейінге қалдыруды ұсынады.

Төлемді кейінге қалдыру қарыз алушының кредиттік тарихына әсер етпейді.

Төлемді кейінге қалдыруға қалай өтініш беруге болады

Төлемді кейінге қалдыру мүмкіндігін алу үшін қаржылық жағдайының нашарлағанын растайтын құжаттарды қоса бере отырып, банкке еркін түрде өтініш білдіру керек. Өтініш электронды поштаның, "банк-клиент" онлайн-жүйесінің, интернет-ресурстың, мобильді қосымшаның, басқа да байланыс құралдарының көмегімен немесе қарыз алушының банк бөлімшесіне келуі арқылы беріледі.

Өтінішті қарастыру мерзімі – 10 жұмыс күні.

Төлемді кейінге қалдыру туралы өтініш 2022 жылдың 4 сәуіріне дейін (қоса алғанда) қабылданады.