Марқұмның отбасы соққыға жығуға қатысы бар деген 8 студенттің барлығын жазалауды талап етіп отыр.
Фото: ЖИ/Бейнежазбадан
ERNUR.KZ. Кеше әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де қаза тапқан 17 жастағы Дауыл Бақыртайдың туған-туыстары оны ақтық сапарға шығарып салды, деп жазады inbusiness.kz.
Марқұмның анасы Сәуле Ордабаеваның сөзінше, 2-курстың сегіз студенті 1-курста оқитын екі студентті бөлмеге апарып, соққыға жыққан. Оқиға барысында жүрек тұсынан соққы алған ұлы құлап түскен. Бұл туралы әйелге сол сәтте жанында болған марқұмның досы айтып берген.
Студенттің анасы университетте жоғары курс студенттерінің төменгі курс студенттеріне үстемдік жүргізетін жүйе қалыптасқанын да мәлімдеді. Сондықтан, университет басшылығын жауапқа тартуды талап етеді.
– 2-курс студенттері 1-курс студенттерінен мәжбүрлі түрде ақша жинауды талап еткен. Сонымен қатар, олармен міндетті түрде екі қолмен амандасып, "сіз" деп сөйлесу керек болған, – деді ол КТК телеарнасының тілшілеріне.
Жерлеу рәсіміне География және табиғатты пайдалану факультетінің бұрынғы деканы да келген. Десе де, ол журналистердің сұрақтарына жауап беруден бас тартып, марқұмның туыстарынан кешірім сұрау үшін келгенін айтқан.


