Қазіргі уақытта өңірде 537 спорттық нысан жұмыс істеп тұр.
Еліміздегі құрылғанына бірнеше жыл ғана болған өңірлердің бірі – Абай облысы. Сондықтан бұл аймақтағы түрлі саланың жанданып, жұмыс қарқынының жоғары болуы заңды құбылыс. Тиісінше бүгінде өңірде спорт саласы ерекше дамытылып жатыр. Өткен жылдардағы атқарылған жұмыстарды қоспағанның өзінде, биылғы жылдың 6-7 айында ауыз толтырып айтарлықтай нәтижелерге куә болып жатырмыз.
Айталық, Көкпекті ауданы аумағындағы білім ошақтарында шайбалы хоккей алаңдары орналасқан. Жалпы бұл ауданда балалар мен жасөспірімдерді спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етумен 3 ұжым айналысады. Атап өтсек, ұлттық спорт мекеесінде жеті, шығармашылық мекемесінде 4 және спорт мектебіндегі 8 үйірмеде мыңға тарта бала қосымша білім алып жүр.
Сондай-ақ, Абай облысына қарасты Үржар ауданында биылғы жылдың басында күрес түрлеріне арналған заманауи зал ашылған еді. Барлық құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген нысанда елуден астам адам жаттыға алады.
Осы орайда биыл өңірде жүзден астам нысанның құрылысын жүргізу жоспарланса, соның он бірі спорттық нысан екенін айта кетейік. Бұл туралы ресми ақпарат жыл басында облыс әкімінің қатысуымен өткен мәжілісте мәлім болған еді. Облыстық спорт басқармасы басшысының сөзіне сүйенсек, биыл нақты бес нысанның құрылысы басталатын болған. Олар Курчатовтағы спорттық-сауықтыру орталығы, Шар мен Бесқарағайдағы бассейн, Бородулихадағы спорттық-демалыс аймағы мен Жарма ауданындағы стадион. Одан бөлек жоғарыда айтқанымыздай оннан аса нысанның жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатқан.
Тағы бір айта кетерлік жәйт биыл наурыз айында өңір басшысының бастамасымен Шар шаһарындағы спорт мектебіне жаңа шағын автобус табысталды. Бұл көлік спортшыларды жарыстарға апарып, алып келу қызметін атқарып, бір мәселені азайтты десек қателеспейміз. Себебі мұнда бес түрлі спорт бойынша екі жүзге жуық жасөспірім спорттық сайыстарға дайындалады.
Жоғарыда айтқанымыздай биыл өңірде бірнеше спорт нысанының құрылысын бастау жоспарланған. Сәйкесінше, Бородулихадағы денешынықтыру-сауықтыру нысаны салынып жатыр. Екі бөліктен тұратын ғимаратта жиырма бес метрлік бассейн мен көпфункциялы зал қарастырылған. Бүгінге дейін мұнда шатыр жабылып, әрлеу, кәріз жүйесін тарту, қоршау сынды жұмыстар аяқталған. Бұл аталған аудандағы спортпен шұғылданып,әрі салауатты өмір салтын ұстануға мүмкіндік беретін алғашқы ғимарат болмақ.
Семейде де ескі стадионның орнына он мың көрермен сыйатын спорт кешені бой көтермек. Осыған дейін нысанның сызбасы бекітіліп, қажетті құжаттар әзірленген. Құрылысы 2024 жылдың қазан айында басталып, 2026 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Мұнда тек спорттық жарыстар ғана емес, өзге де бұқаралық іс-шаралар өткізілетін болады. Ауқымды кешен спортшыларды дамытуға және қауіпсіздіктерін сақтауға мүмкіндік беретін заманауи технологиялармен жабдықталмақ. Демек, көпсалалы нысан спорт, туризм және мәдениет салаларын біріктіретін орталыққа айналады деп күтілуде.
Ал, осыдан он күндей уақыт бұрын Бесқарағай ауданында кіші футболға арналған алаң ашылып, жасөспірім спортшыларға спорттық құрал-жабдықтар үлестірілді. Одан бөлек алаңда алғашқы аладоп сайысы өткізіліп, жастар өз шеберліктерін паш етті.
Сонымен қатар, Абай облысында «Даму бала» электрондық платформасы тиімді іске асырылып келе жатыр. Бағдарлама шеңберінде былтыр үш мыңнан аса бала спорттық үйірмелермен қамтылса, биыл бұл көрсеткішті төрт мыңға жеткізу жоспарланған.
Бүгінгі таңда өңірде алпысқа жуық спорт түрі дамытылып, елуге жуық спорт ұйымы бұл жұмыстарды жүзеге асырып жатыр екен. Нәтижесінде былтыр өңір спортшылары республикалық және халықаралық жарыстарда үш мыңға жуық жүлде еншілеген. Оның 900-ге жуығы бірінші орын болса, 800-ден астамы екінші және қалғаны үшінші орындар.
Жалпы, бүгінгі таңда Абай облысында жиырма үш спорттық мекеме, оның ішінде он төрт жасөспірімдер мен балалар мектебі, екі бірдей жоғары спорт шеберлігі мекемесі, қос бірдей спортты дамыту дирекциясы, олимпиада құрамасын дайындау мекемесі, мүгедектігі бар азаматтарға арналған спорт нысаны, көпшілікке арналған іс-шараларды ұйымдастыру орталығы, ұлттық және ат спорты клубы жұмыс істеп тұр. Аталған спорттық мекемелерде жеті жүзге тарта жаттықтырушы қызмет ететін болса, спортшылар саны он бес мыңнан асады.
Он төрт балалар мен жасөспірімдер мектебінде қырыққа жуық спорт түрі дамытылып жатыр. Он төрт мыңнан аса жасөспірімге 500-ден астам жаттықтырушы тәлім береді. Ал, мүгедектігі бар азаматтарға арналған орталықтарда екі жүзге жуық адам жаттығу жасап, пауэрлифтинг, шахмат, арбада билеу, жеңіл атлетика, тоғызқұмалақ, бочча, дзюдо, жүзу, таэквондо, үстел теннисі және қол күресіне дайындалады. Осы орайда көпшілікке арналған спорттық іс-шараларды ұйымдастыратын орталық биыл үш жүзден аса сайыс өткізуді жоспарлап отырғанын айта кету керек.
Өткен жылы өңірдегі спортпен шұғылданатын тұрғындар саны бірнеше пайызға көбейген. Оған қоса онға жуық нысанды іске қосу арқылы өңір тұрғындарын спорттық инфрақұрылыммен қамту көрсеткіші қырық пайыздан асып түскен. Ал, биыл бұл көрсеткішті 46 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Облыс көлемінде жүз мыңнан астам жасөспірім бар болса, солардың жартысына жуығы спортты серік еткен. 2024 жылы тағы бес мыңға тарта жасөспірімді солардың қатарына қосу көзделген.
Абай облысы спорт саласындағы жетістіктер тұрғысынан да кенде емес. Атап өтсек, түрлі спорт түрі бойынша 450-ден аса абайлық Қазақстан құрамасына еніп, жүз елуі жазғы олимпиадалық, елуден астамы қысқы олимпиадалық, 140-тан астамы олимпиадалық емес, алпысы сурд және паралимпиадалық, ал елуге жуығы ұлттық спорт бойынша ел намысын қорғайды. Биыл өңірдің жүз жиырма бес спортшысына ай сайынғы сыйақы төленіп келеді. Былтыр өңірде екі бірдей халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жиырма спортшебері, 650-ден аса спорт шебері атағына кандидат және жүз елуден аса бірінші разрядты иеленген спортшы жаттыққан. Ал, биыл бұл санаттағы спортшылардың қатары қалыңдап жатыр.
2024 жыл әлем халқы көз тігетін спорттық сайыстарға толы болып жатыр. Соның бірі шілде-тамыз айларында Франция елінің астанасы Париж шаһарында өтетін отыз үшінші жазғы Олимпиада ойындары. Отыздан астам спорт түрінен жеңімпаздар анықталатын бұл додаға Абай облысының спортшысы да қатысады. Ол грек-рим күресінің шебері, 87 келі салмақ дәрежесінде белдесетін Нұрсұлтан Тұрсынов. Осы төрт жыл бұрын Токиодағы Олимпиадаға да қатысқан спортшы халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанған. Азия чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері.
Бүгінгі таңда Абай облысындағы басым бағыттардың бірі спорт саласын дамыту. Ал бұл саланы ілгерілету үшін спорттық инфрақұрылымды өркендету бағыты мықтап қолға алынған. Қазіргі уақытта өңірде 537 спорттық нысан жұмыс істеп тұр. Бұл тұрғыда өткен жылы Ақсуат пен Қайнар елдімекендеріндегі денешынықтыру-сауықтыру нысандары; Үржар ауданының екі бірдей ауылында бой көтерген спорттық модуль мен бассейн; Семей қаласында демеушілер есебінен бой көтерген «BURA» жекпе-жекке арналған зал мен «Әлем» спорттық нысаны; Шүлбіде «Самұрық-Қазына» қоры қолдауымен бой көтерген көпсалалы спорт кешені ел иігілігіне берілген.
Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып жатыр. Оны сөз басынан бері сүйіншілеп айтып жатырмыз. Дегенмен, тағы бір тәтпіштеп айтып өтсек артық болмас.
Сонымен, биыл Абай облысында көптеген елдімекеннің мерейін асырып жатқан «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде төрт бірдей спорт нысаны бой көтеріп жатыр. Олар: Бородулиха елдімекеніндегі дене шынықтыру-сауықтыру нысаны; Көкпектідегі жүзуге арналған бассейн; Абай ауданына қарасты Көкбай елдімекенінде және Үржар ауданына қарасты Таскескен елдімекенінде салынып жатқан спорт модульдері.
Одан бөлек, ел қазынасы есебінен тағы бес спорттық нысанның қүрылысы жүргізіледі деп жоспарланған. Олар Курчатов шаһарындағы денешынықтыру-сауықтыру нысаны; Шар шаһарындағы жүзу бассейні; Бесқарағай елдімекеніндегі жүзуге арналған су нысаны; Бородулиха ауданына қарасты Петропавловка елдімекеніндегі спорттық әрі демалыс аймағы; Жарма ауданы, Қалбатау елдімекеніндегі стадион.
Сонымен қатар, облыс орталығында 2026 жылы он мыңнан аса жанкүйер футбол тамашалап, мыңдаған адам іс-шарада бас қоса алатын жаңа стадион ашылады деп жоспарланған. Одан бөлек былтыр өңір басшысы Freedom Holding ұйымымен келісімге келіп, жаңадан жабық футбол манежі салынатын болған. Құны бір миллиард теңгеден асатын бұл жоба «Елімай» клубының академиясына мол мүмкіндік сыйламақ. Осы сияқты биыл Комсомол елдімекенінде де футбол манежінің құрылысы басталады.
Сондай-ақ, алдағы уақытта да Абай облысында оннан астам спорттық нысан бой көтеруі ықтимал. Бұл мақсатқа жету үшін облыс әкімдігі аянбай тер төгіп, нысандардың жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу үстінде. Ол нысандардың қатарында Семейден салынатын тағы бір спорт кешені, жеңіл атлетикаға арналған нысан, спорт мектебіне қосымша ғимарат, шаңғы базасы; Бесқарағай ауданында бой көтеруі мүмкін екі, Бородулиха ауданында салынуы ықтимал 2, Ақсуат ауданындағы 2 және Үржар ауданындағы бір спорт модулі бар.
Жалпы, Абай облысында спорт саласын дамыту жұмыстары мықтап қолға алынғаны атқарылып жатқан жұмыстардан да, нақты құрылған жоспарлардан да анық байқалып отыр. Тиісінше, мұның барлығы ел билігінің халық ахуалын арттырып, дені сау ұлт саясатын жүзеге асыруға күш салып жатқандығының белгісі. Сәйкесінше, тарихы терең, талай алып тұлғалар туған өңірден тағы да талай спорт саңлағы шығады деп үміттенеміз.
Б.Мейірханұлы,