Абайдың 180 жылдық мерейтойы аясында 100-ден астам ауқымды іс-шара ұйымдастырылды

0
184

Абайдың 180 жылдық мерейтойы биыл алғаш рет онкүндік ретінде аталып өтті.


Абайдың 180 жылдық мерейтойы аясында 100-ден астам ауқымды іс-шара ұйымдастырылды

ERNUR.KZ. Мерейлі дата аясында кешенді жоспар бектіліп, халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейде 100-ден астам ауқымды іс-шара ұйымдастырылды. Іс-шараларды ұйымдастыруға жүздеген мәдениет қызметкері, аспаз, техникалық мамандар, 500-ден астам волонтер және ауданнан келген ардагерлер, салт-дәстүр білгірлері жұмылдырылды. 1-10 тамыз аралығында 70-тен астам ірі мәдени іс-шара, 10 театрландырылған қойылым, 8 көрме мен фестиваль, 5 спорттық жарыс, 5 республикалық және халықаралық шығармашылық жоба қамтылды.

Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы – ұлттық ауқымдағы ерекше тарихи-рухани оқиға. 10 тамызда Абай ауданында өткен ақынның 180 жылдығына арналған мерейтойлық шараларға 50 мыңнан астам адам жиналды. Оның ішінде 15 елден шетелдік делегациялар, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым, өнер иелері, жастар, туристер мен БАҚ өкілдері болды. Абай ауданында 200-ден астам киіз үй тігілді.

Мерейтой кезінде мәдени-рухани, танымдық, интеллектуалдық іс-шараларға басымдық берілді.
«ABAI AKADEMIASY» атты энциклопедиялық портал іске қосылып, Абай мұрасы цифрлы кеңістікке жол ашты. Түркістан облысының мәдени күндері аясында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі, қолөнер шеберлерінің көрмесі және өнерпаздардың концерті ұйымдастырылды. Семейге Түркістан өңірінен 540 тоннадан астам өнім жеткізілді. Мыңнан астам адам қатысқан «АБАЙ QUIZ» республикалық зияткерлік ойыны өтті. Бұл ерекше форматтағы интеллектуалды жоба Қазақстан рекордтар кітабына ұсынылды. Семей қаласында зағип және көзі нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана ашылды. Бұл – мәдени-әлеуметтік мекеме еліміздегі өңірлік деңгейдегі ең ірі және замануи инклюзивті кеңістік.
Мерейтой аясында Наурызбай Ақбайдың «Абай жолы» энциклопедиясы (құрастырған – көрнекті қаламгер Асқар Алтай), «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Бағашар Тұрсынбайұлының балаларға арналған «Абай Құнанбайұлы кім?» кітабы, «Абай шығармаларының үш томдық академиялық жинағы» (құрастырған – белгілі әдебиеттанушы ғалым, Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов), ғалым, мәдениеттанушы Базарбек Атығайдың «Абайдың аударма мектебі» монографиясы, Шəкəрім туралы естеліктер мен жаңа деректерді қамтитын «Шейіт» жинағы, Ахат Шәкəрімұлының «Жалынға малған жүрегін» жинағы (құрастырғандар – Ақберен Елгезек, Мерей Қарт, Жанна Əділбекқызы), Әсет Медеуханұлының «Халиолла» хикаяты, Даниял Ысқақовтың шығармалары, Шәкәрім университетіндегі «Абай және ұлттық руханият» ғылыми орталығының мамандары дайындаған AR «Қарасөз» кітаптары оқырманға жол тартты. Бұл туындылар алғаш рет көпшілік оқырманға ұсынылып отыр.
Белгілі иллюстратор Аңсаған Мұстафаның «Көңілге түрлі ой салар…» атты көрмесі, «Асыл мұра» қолөнершілер фестивалі, «Адамзаттың алыбы – хәкім Абай» мерейтойлық концерті өтті. 2-3 тамыз күндері Қазақстанның халық әртісі Майра Ильясованың «Айналдым елім», Қазақстанның халық әртісі, белгілі күйші Секен Тұрысбеков пен «Ақ жауын» оркестрінің «Абай жолы» концерті мен Шахимардан Әбіловтің «Ой толғау – Хәкім Абай» монооперасы, дәстүрлі әнші, күйші, сыбызғышылардың қатысуымен өткен «Абай әлемі» рухани кеші көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Кәсіби спортшылардың қатысуымен 180 шақырымдық «Семей – Қарауыл» ультрамарафоны болды. Абай ауданында «Жеті қазына» атты мәдениет, спорт және туризм фестивалі ұйымдастырылды. Үш күнге созылған шара аясында «Ер жігіт», «Сұлу әйел», «Ілім-білім», «Қыран бүркіт», «Жүйрік ат», «Құмай тазы», «Берен мылтық» сайыстары өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына арнаған жаңажылдық құттықтау сөзінде «Ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойын лайықты атап өтуіміз керек» деп арнайы тапсырма берген болатын. Абай тойы ең алдымен той тойлайтын емес, ой ойлайтын басқосу болмағы ләзім екенін барша жұрт айтады. Мерейтой тек сахналық мереке ғана емес, ұлтқа пайдалы мұра қалдыратын нақты жобалар кезеңі де болуы тиіс. Бұл тойдың бедерінде елге игілікті біраз шаруа атқарылды. Той тарап, әбігер басылған соң да ел игілігіне қызмет ете беретін дүниелер жасауды мұрат еттік» деді облыс әкімі Берік Уәли.
Облыста мерейтойға орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен «Абайға құрмет» акциясы басталды. Еліміздің әр өңірі бір нысаннан салып береді. Кеше Маңғыстау Достық үйінің құрылысын бастаса, Шымкент шығармашылық орталықты, Түркістан көрме орталығын, Астана келешек мектебін, Ақтөбе жекпе жек орталығын, Павлодар облысы Үстел теннисі орталығын салуды, Шығыс Қазақстан Ертіс жағалауын абаттандыруды жоспарлап отыр.
«Абай-Шәкәрім» кесенесі аумағында «Этно ауыл Жидебай» кешені бой көтереді. Абай ауданының тумасы, меценат Бектас Медғатовтың бастамасымен жүзеге асатын, 60 гектар аумақты қамтитын кешен өңірдегі туризмды дамытып, рухани-мәдени мұраны дәріптеп, Жидебайды халықаралық туристік бағыттардың біріне айналдырады.
Сонымен қатар Жидебай мен Бөріліде антенна-діңгекті құрылғы орнатылып, интернет қосылды. Осылайша, Абай тойы қарсаңында Абай ауданы 100 пайыз интернетпен қамтылды.