Аграрлық несие корпорациясы шағын бизнес үшін жеңілдетілген кредит бермекші

0
576

Ауылдық жерлердегі кәсіпкерлерге берілетін несие көлемі 7,2 млн теңге жетуі мүмкін.


Аграрлық несие корпорациясы шағын бизнес үшін жеңілдетілген кредит бермекші

ERNUR.KZ. Жас кәсіпкерлерге микронесиелерді қандай мақсатта алуға болады және қаржыландыру шарттары туралы журналистерге «Бәйтерек» ҰБХ еншілес ұйымы – «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ айтып берді, деп жазады Azattyq Rýhy.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыруға 22,5 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражат Аграрлық несие корпорациясының микроқаржы ұйымдарын қорландыру құралдары арқылы қолжетімді. Шағын және орта бизнесті қолдау үшін Корпорация өңірлерде «Атамекен» ҰКП және жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен құрылған 15 МҚҰ үшін несие желілерін ашты.

Қаржыландырудың жеңілдікті шарттарын «Бастау Бизнес» жобасының немесе басқа мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курстарының түлектері пайдалана алады. Сондай-ақ кепілзатпен қамтамасыз ету міндетті. Аталған бағдарламаны жүзеге асырудың басты мақсаты – әрбір қарыз алушының кемінде бір жұмыс орнын құруы болып табылады. Сонымен қатар, (СЖТМ 6,16%-ға дейін) тиімді пайыздық мөлшерлемемен бірге бағдарламаның кредиттеу мерзімдері кәсіпкерлер үшін қолайлы болып тұр. Мал шаруашылығы саласындағы жобалар бойынша 7 жылға дейін, басқа салаларда 5 жылға дейін. Бизнес-жоспарды сәтті қорғаған қатысушы МҚҰ-да несие рәсімдей алады. Бұл ретте микрокредиттің ең жоғары сомасы ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда 7,2 млн теңгеге дейін, қалаларда – 23,3 млн теңгеге дейін жетуі мүмкін.

Бизнес-жоспарды сәтті қорғап, жеңілдетілген несие алғандардың бірі – Маңғыстау облысы Түпқараған ауданының ауылынан келген фермер Қуаныш Даншабаев ірі қара мал сатып алу үшін 4 млн теңге көлемінде несие рәсімдеген. Түйелер мен ешкілер бағатын шаруашылығын Даншабаев «голштейн» тұқымды қызыл-ала түсті 6 сиырмен толықтырды. Ауыл тұрғыны келесі көктемде сүт алуға және оны аудан мен облыс орталығында сатуды жоспарлап отыр.

«Несиені бес жыл төлейтін боламын. Әзірше айына 20 мың теңгеден төлеймін, бұл жеңілдік кезеңі жарты жылға жалғасатын болады. Ол аяқталғаннан кейін ай сайынғы төлем мөлшері 94 мың теңгені құрайды, бірақ мен ертерек төлеуге тырысамын. Сиыр сүт өндіру және сату үшін сатып алынды, өйткені сүтті тұқымдардың арасында бұл ең жақсысы болып саналады. Әр сиыр күніне кемінде 15 литр сүт береді деп есептеп отырмын. Қазір бар сиырларды отбасымызбен бағып жүрміз, ал алдағы уақытта мал басы 30 басқа дейін ұлғаяды деп үміттенемін және сонда шаруашылық бойынша көмекшілерді жалдаймын», – дейді Қуаныш Даншабаев.

Микронесиелеу бизнесті тек ауыл шаруашылығында ғана емес, басқа да салаларда дамытуға көмектеседі. Мысалы, қызмет көрсету саласының қызметкерлері де жеңілдетілген пайыздық мөлшерлемемен, жылдық 6%-бен несие алып, жеңілдетілген несие кезеңін пайдалана алады.

«ЖҚЖК» бағдарламасының арқасында бизнесін бастағандардың бірі, Маңғыстау-3 ауылының тұрғыны Әнуар Рахов «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында жеңілдетілген несие беру туралы білген.

«Әйеліммен бірге жұмыссыз қалып, отбасылық кеңесте жеке бизнес құру, атап айтқанда дүкен ашу туралы шешім қабылдадық. Бұл идеяны жүзеге асыру үшін Аграрлық несие корпорациясы көмекке келді, бұл үшін оларға алғысым шексіз. Мен кредитті үш жылға жылдық алты пайызбен рәсімдедім, жалпы қарыз сомасы 4,5 миллион теңгені құрады. Компанияның бизнесті нығайту және аяққа тұру үшін алты ай мерзімге жеңілдікті кезең ұсынғаны ерекше қуантады. Яғни, жарты жыл ішінде негізгі қарызды өтемей, тек пайыздық мөлшерлемені ғана төлейтін боламын», – деді Анвар Рахов.

Сонымен қатар, облыс орталығынан келген отбасы да бизнесті дамытуға мүмкіндік алып, алты миллион теңге сомаға несие алды.

«Жолдасым екеуміз осы жылдың наурыз айында балалар киім дүкенін аштық. Бірақ кейінірек қысқы балалар топтамасын сатып алу үшін айналым қаражаты қажет болды. Бұған бізге Аграрлық несие корпорациясының жүзеге асыратын несиелеу бағдарламасы көмектесті. Қарызды қазан айының соңында 36 айға рәсімдедік. Біз үшін бұл ең жақсы таңдау болды, өйткені Екінші деңгейдегі банктер 18%, тіпті 21%-бен несие ұсынады», - дейді дүкен иесі Жанбөпе Құрақбайқызы.

Қазір кәсіпкерлерде екі сатушы жұмыс істейді, жақын арада ассортименттің кеңеюіне байланысты олар екінші сауда нүктесі мен интернет-дүкен ашу үшін тағы үш қызметкерді жұмысқа алуды жоспарлап отыр.

Өзінің техникалық қызмет көрсету станциясының дамуы мен өркендеуі үшін Карипилла Ақмұрадов осы жылдың наурыз айында «Бастау-Бизнес» бағдарламасы бойынша білім алғандардың бірі. Ол өз қаражатына ғимарат салғанымен, бокстарды жабдықтауға ақша керек болған. Және «ЖҚЖК» бағдарламасы осы тұста «өте пайдалы болды» дейді кәсіпкер.

«7 миллион теңгелік несиенің арқасында мен ТҚС үшін қажетті жабдықты сатып алдым. Соның ішінде көтергіштер, компрессорлар, гараж крандары, вулканизация және тағы басқалар бар», – деді ол. Сондай-ақ ол техникалық қызмет көрсету станциясында алты адам жұмысқа орналасқанын және қазір ұжымның клиенттік базаны сәтті жинап жатқанын айтты.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасына бөлінген 22,5 млрд теңгенің 1 млрд теңгесі Маңғыстау облысындағы жобаларға бағытталған.

«Бұл бағдарламаны іске асыруда Аграрлық несие корпорациясы кәсіпкерлік субъектілерінің кең ауқымын қолжетімді қаржыландыруға жәрдемдеседі. Өз кезегінде, бұл ауылдық жерлерде азаматтардың әл-ауқатының артуынан көрінеді. Оған дәлел бірнеше жұмыс орындары пайда болды, жаңа өндірістер ашылуда, қызмет көрсету саласы дамуда және тағы басқалар», - деп түйіндеді «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ маркетинг және PR қызметінің басшысы Руслан Ескендір.