ERNUR.KZ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Креативті индустрияларды дамыту қорының кеңсесіне баруы отандық креативті сектордың институционалдық тұрғыдан қалыптасуындағы маңызды кезең болды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған Қор салаға жүйелі қолдау көрсететін негізгі орталыққа айналуға тиіс. Мұнда таланттарды қолдау, инфрақұрылым қалыптастыру, инвестиция тарту, креативті өнімді ілгерілету және экспортқа шығару бағыттары біртұтас жүйеге біріктіріледі.
Қордың жаңа кеңістігі идеядан бастап өндіріс пен өнімді нарықта ілгерілетуге дейінгі толық циклді қамтитын шоурум форматында таныстырылды. Президентке зергерлік және ағаш өңдеу шеберханалары, музыкалық кеңістіктер, кілем өнері залы, суретшілер залы және fashion-аймақ сынды тақырыптық алаңдар көрсетілді.
Ерекше назар аудартқан нысандардың бірі – Yurt Capsule иммерсивті кеңістігі болды. Мұнда киіз үйдің дәстүрлі пішіні цифрлық өнер, мультимедиялық контент және мәдени баяндау арқылы заманауи технологиялық сипатта жаңаша ұсынылған. Қордың маңызы, өңірлік хабтарды дамыту, елдің халықаралық аренадағы бейнесін қалыптастыру және креативті экономиканың әлеуеті туралы ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева айтып берді.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Креативті индустрияларды дамыту қорының кеңсесіне барды. Мемлекет басшысының бұл салаға ерекше назар аударуы нені білдіреді?
– Мемлекет басшысының бұл сапары айрықша мәнге ие. Бұл креативті индустриялардың енді мәдениет саласының қосымша бағыты ретінде емес, экономикалық және қоғамдық дамудың толыққанды әрі келешегі зор саласы ретінде қарастырылып отырғанын көрсетеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев адам капиталын жан-жақты ашуға, бастамашыл жастарды қолдауға, кәсіпкерлікті дамытуға және өсімнің жаңа көздерін қалыптастыруға тұрақты түрде баса назар аударып келеді. Креативті экономика дәл осы міндеттердің тоғысқан тұсында тұр. Ол жаңа жұмыс орындарын ашуға, цифрлық контентті дамытуға, тың өнімдер жасауға, елдің туристік тартымдылығын арттыруға және ұлттық бірегейлікті қазіргі заман тілімен танытуға мүмкіндік береді.


