Айгүл Сайлыбаева ісі: адвокат күдіктілердің ұсталғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды

0
93

Адвокат өз сөзінде күдіктілер Ресей Федерациясының азаматтары болғандықтан, оларды басқа мемлекеттерге экстрадициялау мүмкін емес екенін атап өтті.


Айгүл Сайлыбаева ісі: адвокат күдіктілердің ұсталғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды

Фото: Қаната Сайлыбаевтың жеке мұрағатынан

ERNUR.KZ. Бұрынғы қазақстандық судья Айгүл Сайлыбаеваны өлтірді деген күдікке ілінген Александр және Наталья Донцовтар әлі ұсталған жоқ, деп жазады inform.kz.

Бұған дейін бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында Александр мен Наталья Донцовтардың Ресейде ұсталғаны туралы хабар тараған болатын.
— Ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Донцовтар расында ұсталған, алайда бұл 2025 жылдың желтоқсан айының соңында болған. Олар Қазақстанның іздестіру ісі бойынша жеке басын және тұрғылықты мекенжайын анықтау мақсатында полиция бөлімшесіне жеткізілген, — деді адвокат Жанна Уразбахова.

Сонымен қатар адвокаттың айтуынша, Қазақстан Донцовтарды азаптау дерегі бойынша халықаралық іздеуге жариялаған.

— Сол кезде Наталья Донцованың тегін өзгертіп, қазіргі уақытта Василенко фамилиясын қолданатыны белгілі болды, — деді Жанар Уразбахова.

Сондай-ақ адвокат күдіктілердің қазіргі процессуалдық мәртебесіне тоқталды.

— Қазіргі уақытта Наталья Еуропол желісі арқылы Германияның сұрауы бойынша іздеуде жүр. Ал Қазақстанның сұрауы негізінде Интерпол желісі арқылы екеуі де халықаралық іздеуге жарияланған. Олардың нақты тұрғылықты жері белгілі болғанымен, іздеу мәртебесі сақталып отыр, — деді Жанна Уразбахова.

Адвокат өз сөзінде күдіктілер Ресей Федерациясының азаматтары болғандықтан, оларды басқа мемлекеттерге экстрадициялау мүмкін емес екенін атап өтті.

Адвокаттың мәліметінше, қазіргі таңда қорғау тарапы Германиядан Айгүл Сайлыбаеваның өліміне қатысты қылмыстық істің материалдарын Ресейге беруді немесе Ресейде аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғап, оны сотқа жолдауды талап етіп отыр.
Айта кетейік, Ресейде Германияда кісі қолынан қаза тапқан Айгүл Сайлыбаеваға қатысты тексеру басталды.

Еске сала кетейік, Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов былтыр маусым айында Германияда көз жұмған экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның ісіне қатысты түсінік берді.