Кейбір шенеуніктер "Елбасы институты Президент билігінен жоғары тұруға тиіс" деп, ақылға сыймайтын жағдайды заң жүзінде негіздемек болды.
фото: Ақорда
ERNUR.KZ. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Ana tili" газетіне берген сұхбатында тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевпен қазіргі қарым-қатынасы туралы айтты, деп жазады sputnik.kz.
Мемлекет басшысы кез келген дәуірдің жақсы жағы да, көлеңкелі тұстары да бар екенін айтып, жаңа тарихымызда жарқын сәттер әлдеқайда көп болғаны еске салды.
"Бұл – ақиқат. Салыстырмалы түрде алғанда, қысқа мерзім ішінде мемлекеттігіміздің берік тұғыры қалыптасты, билік институттары құрылды, жаңа астанамыз бой көтерді, шекарамыз шегенделіп, заң жүзінде бекітілді. Көптеген елмен тиімді қарым-қатынас орнатылды, экономикаға шетелден инвестиция тартылды. Осы жетістіктің бәрін жоққа шығару дұрыс болмас еді. Біз әділетті мемлекет құрамыз десек, тарихқа да, оны жасауға атсалысқан азаматтарға да әділ қарауымыз керек. Мұның бәрі, түптеп келгенде, ұлттың болашағы үшін қажет. Өткенді ой елегінен өткізіп, оны әділ әрі шынайы бағалай алмасақ, алға сеніммен қадам баса алмаймыз. Саяси ахуалдың ықпалымен өз тарихыңды көпе-көрінеу бұрмалай беруге болмайды", - деді Тоқаев.
Қазақстан президенті ел шежіресін басынан бастап қайта жазу тіпті қауіпті екенін ескертті.
"Әрине, Нұрсұлтан Назарбаев ұзақ жыл бойы ел тізгінін ұстаған уақытта кемшіліктер болды. Бірақ ештеңе істемеген адам ғана қателеспейді. Ашығын айту керек, ол отставкаға кеткенімен, Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы болып отырған кезде саяси сыпайылықты сақтай бермейтін. Мұны да айта кеткен жөн. Үнемі Премьер-Министрді, Ұлттық банктің төрағасын, министрлерді, әкімдерді шақырып алып, жиналыс өткізетін. Бұған өз азаматтарымызды былай қойғанда, шетел басшылары мен дипломаттары да таңдана қарайтын. "Назарбаев қызметінен кеткен соң тіпті жоғарылады, енді Президент те оған бағынады" деген әзіл әңгіме де пайда болды. Ал, шын мәнінде, бұл әзілдейтін жағдай емес еді", - деп еске салды Қазақстан президенті.
Ол бұл жағдай қосарланған билік туралы алып қашпа әңгіменің өршуіне әкеп соғып, шенеуніктер де кабинеттен кабинетке жүгіріп, кімнің тапсырмасын орындайтынын білмей дал болғанын айтты.
"Ол аз десеңіз, кейбір шенеуніктер "Елбасы институты Президент билігінен жоғары тұруға тиіс" деп, ақылға сыймайтын жағдайды заң жүзінде негіздемек болды. Нұрсұлтан Назарбаевтың 2021 жылғы қарашада өткен Astana Club жиынында 92 жастағы Махатхир Мохамадты мысалға келтіріп, өзінің Ақордаға қайтып келуі мүмкін екенін мәлімдеуін және бұрынғы президенттің сол жылы желтоқсан айында Санкт-Петербург қаласында өткен ТМД елдерінің саммитіне қатысуын нағыз билік дағдарысына әкеп соқтырған негізгі оқиғалар деуге болады. Соның алдында ғана жергілікті бір саясаттанушы оған "Елбасының алтын дәуірін" қалпына келтіру үшін батыл шаралар қабылдау қажеттігін айтып, арандатушылық мазмұндағы хат жолдаған еді. Алайда қазір парасаттылық танытып, Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанға сіңірген тарихи еңбегін лайықты бағалау керек. Мен Президент ретінде мемлекет мүддесін басшылыққа алуға, ел бірлігін бәрінен биік қоюға міндеттімін. Сіздің сұрағыңызға келсек, қазір біз шамамен айына бір рет телефон арқылы сөйлесіп тұрамыз", - деп жауап берді мемлекет басшысы.