Қысқы саяхатқа жүкті ҚАЛАЙ ЖИНАУ КЕРЕК?

0
296

Артық жүксіз, ештеңені ұмытпай демалудың құпиялары


Қысқы саяхатқа жүкті ҚАЛАЙ ЖИНАУ КЕРЕК?

фото: media.utair.ru

Қысқы демалысқа жиналу – жазғы саяхатқа чемодан дайындаудан әлдеқайда күрделі. Бір жағынан жылы киім қажет, екінші жағынан ауыр жүкпен әуре болғың келмейді. Ал ең қызығы – саяхат кезінде керек болатын дүниені үйде қалдырып, қажетсіз заттарды өзіңмен бірге алып жүру. Бұл жағдай жиі кездеседі. Ендеше, «қысқы саяхатқа чемоданды қалай дұрыс жинау керек? Қандай заттарды міндетті түрде алу қажет және жүкті қалай ықшамдауға болады?» деген сауалдарға жауап іздеп көрейік.


1. Чемоданға киім емес, саяхат жоспарын жинаңыз

Ең алдымен, баратын жеріңіздің ауа райын зерттеңіз. Мәселен, Алматының таулы аймағына, Астанаға немесе Еуропа қалаларына баратын болсаңыз, киім таңдауыңыз да әртүрлі болады.

Саяхат күндерінің санына қарай киімдерді алдын ала үйлестіріп қойыңыз. Бір-бірімен үйлесе кететін бірнеше киім таңдасаңыз, чемоданның жартысын босатуға болады.

Әр күнге жеке киім алудың орнына, бірнеше образ құрастырған дұрыс. Бұл әрі уақытты, әрі орынды үнемдейді.


2. Жылы киім – сән үшін емес, қауіпсіздік үшін

Қыста саяхаттаған кезде сыртқы көріністен бұрын жайлылық пен жылулық маңызды. Сондықтан чемоданда жылы әрі жел өткізбейтін күрте; термокөйлек; жүннен немесе жылы материалдан жасалған жемпір; ыңғайлы қысқы аяқ киім; жылы шұлықтар; қолғап, бас киім және мойынорағыш міндетті түрде болуы керек.

Әсіресе, аяқ киімге баса мән берген жөн. Қарлы немесе мұзды жолда табаны таймайтын аяқ киім саяхаттағы ең сенімді серігіңізге айналады.


3. «Косметичкадағы» ұсақ-түйекке де мән беріңіз

Суық ауа райы теріге де әсер етеді. Сондықтан қысқы саяхатқа арналған күтім құралдарын ұмытпаңыз. Ылғалдандыратын бет кремі, ерінге арналған бальзам, қолға арналған крем, күннен қорғайтын SPF құралы, жеке гигиена заттары мен қажетті дәрі-дәрмектер жаныңызда болсын.

Сұйықтықтарды арнайы шағын құтыларға құйып алған абзал. Әуе көлігімен сапарласаңыз, қол жүгіндегі сұйықтықтарға қатысты әуе компаниясының ережесін алдын ала тексеріңіз.


4. Гаджеттерді ұмыт қалдырмаңыз

Қысқы саяхаттың әдемі сәттерін суретке түсірмей қайту мүмкін емес. Ал телефонның қуаты суықта тезірек таусылуы мүмкін. Сондықтан мына заттарды тізімге қосыңыз: телефон және қуаттағыш; рower bank; құлаққап; фотоаппарат; қажет болса, қосымша жад картасы; розеткаға арналған адаптер.

Рower bank-ті әдетте тіркелетін багажға емес, қол жүгіне салу қажет. Нақты талаптарды әуе компаниясынан білесіз.


5. Чемодан жинауға арналған 5 лайфхак

Көп затты аз орынға сыйғызудың өзіндік әдістері бар. Бірінші – киімдерді төртбұрыштап бүктеудің орнына, шиыршықтап орап салыңыз. Бұл кеңістікті тиімді пайдалануға көмектеседі. Екінші - аяқ киімнің ішіне шұлық немесе ұсақ заттарды салуға болады. Үшінші - ауыр заттарды чемоданның төменгі бөлігіне, дөңгелектеріне жақын қойыңыз. Төртінші - іш киім мен ұсақ бұйымдарды арнайы қосалқы қалталарға салыңыз. Бесінші - чемоданда міндетті түрде бос орын қалдырыңыз. Өйткені саяхаттан кәдесыйсыз қайтуға болмайды.


6. Қол жүгінде не болуы керек?

Кейде чемодан кешігіп жетуі немесе әуежайда ұзақ күтуге тура келуі мүмкін. Сондықтан ең қажетті заттарды қол жүгіне салған дұрыс. Олар: құжаттар мен билет; әмиян және банк карталары; телефон мен қуаттағыш; қосымша жылы киім; қажетті дәрі-дәрмектер; бір күнге жететін іш киім; көзілдірік және жеке қажетті заттар. Құжаттар мен бағалы заттарды тіркелетін багажға салмаған жөн.


7. Жолға шығар алдындағы соңғы тексеріс

Чемодан дайын болған соң, мына сұрақтар бойынша бір қарап шығыңыз:

Құжаттар мен билеттер дайын ба?

Ауа райы болжамы тексерілді ме?

Жылы киімдер түгел ме?

Телефон мен power bank қуатталған ба?

Қажетті дәрі-дәрмектер салынды ма?

Чемоданның салмағы әуе компаниясының талабына сай ма?


Қысқы саяхатқа дайындалудың басты құпиясы – чемоданды барынша толтыру емес, ең қажетті заттарды дұрыс таңдау. Әрбір заттың өз міндеті болғаны жөн. Сонда жол бойы артық жүкке алаңдамай, айналаңыздағы әсем көріністерден ләззат аласыз.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз:

Алматы – Токио тікелей рейсі ашылады: Жапония сапарын қалай жоспарлау қажет?

Байларға арналған ҰШАҚТАҒЫ ПӘТЕРЛЕР - қалай қол жеткізуге болады?