СҚО-да өрт оқиғасы өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 5 есе артқан.
ERNUR.KZ. Солтүстік Қазақстанда терек мамығынан шығатын өрт жиіледі. Соңғы екі күнде 50 оқиға тіркелген. Ұлпадан шыққан жалынның кесірінен бір отбасы баспанасыз қалса, екіншісінің қора-қопсысы түгел жанып кетті, деп жазады Azattyq Rýhy.
Биыл Қызылжар өңірінде ауа райы құрғақ әрі ыстық болуына байланысты терек мамығы шамадан тыс көп түскен. Қаланың барлық аумақтарында дерлік терек өсіп тұр. Шашылып жатқан ұлпаны коммуналдық қызмет көрсетуші компаниялар жинап жатқан жоқ.
«Мамық жиналмайды. Ұшқанын басу үшін су шашылады. Биыл шіріп кеткен 150 терек кесілді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Ол ағаштар өткен ғасырдың 50-ші жылдары отырғызылған», - дейді Петропавл қалалық ТҮКШ бөлімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтолла.
Мамық өрт қаупін тудырып қана қоймай, тұрғындарға да жайсыздық туғызуда. Оның қанша уақыт бойы жалғасатыны белгісіз.
«Әсіресе желді күндері мамық мазаны алады. Көзге, мұрынға кіреді. Ол кей адамдардың аллергиясын тудыруы да мүмкін», - дейді Петропавл тұрғыны Индира Рақышева.
Мамандардың айтуынша, өрттің шығуына сөндірілмеген темекі тұқылы, сіріңке мен отпен ойнаған балалар себепкер болып отыр. Тіркелген оқиғалар бойынша айыптылар іздестірілуде.
«Терек мамығын «ақ күкірт» деп те атайды. Өйткені ол лезде тұтанады. Жылуды көп береді. Желмен ұшып, кез келген жерге от түсіруі мүмкін. Әсіресе, ағаштарға қауіп төндіреді. Ұлпаның үстіне су шашып, кейін жинап алу керек. Себебі кепкеннен кейін ол қайтадан ұшады, тұтануы да мүмкін. Петропавлдағы мекеме басшыларына ғимарат аумағында темекі шегуге тыйым салуды ұсынамын. Темекі тұқылы да өрттің шығуына себеп», - дейді СҚО ТЖД басқарма бастығы Дмитрий Растихин.
СҚО-да өрт оқиғасы өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 5 есе артқан. Жыл басынан 327 оқиға тіркеліп, 31 адам көз жұмған. Келтірілген материалдық шығын көлемі - 143 млн теңге.