Орташа өнімділік 16,3 ц/га болып, облыста 7,6 млн тоннадан астам астық бастырылды.
ERNUR.KZ. Биылғы орақ науқаны соңғы жылдардағы ең нәтижелі науқандардың бірі болып, Ақмола облысын астықтың жалпы жиналымы бойынша еліміздің көшбасшылары қатарына шығарды, деп хабарлайды Primeminister.kz.
Орташа өнімділік 16,3 ц/га болып, облыста 7,6 млн тоннадан астам астық бастырылды. Жиналған астықтың 70%-дан астамы үшінші санат талаптарына сай келеді, бұл өңірдің дәстүрлі және жаңа экспорттық бағыттардағы позициясын күшейтеді. Қазақстандық селекциядағы «Ақмола-2», «Астана-2» және «Айна» тұқымдары қолданылған шаруашылықтарда орташа өнімділік гектарына 30 центнерден асты, ал «Максимовское» ЖШС-де 41,2 ц/га-ға жетті. Жоғары көрсеткіштерге минералды тыңайтқыштарды, элиталық тұқымдарды және өсімдікті қорғау құралдарын кеңінен қолдану есебінен қол жеткізілді.
Ақмола облысы егіс алқаптарын әртараптандыру бойынша да көшбасшылар қатарында. Биыл майлы дақылдар алқабы алғаш рет 500 мың гектарға жетті – бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есе көп.
Бұдан бөлек, жыл басынан бері облыста 1 трлн теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Жыл қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 1,2 трлн теңге деңгейінде болады деп күтілуде.
Өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерінің терең өңдеу үлесін арттыру мақсатында халықаралық қатысумен бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Солардың бірі – әлемдік Dalian Hesheng Holdings холдингі тарапынан жүзеге асырылатын астықты терең өңдеу зауытының құрылысы. Шетелдік инвестициялар көлемі $1,8 млрд, өңдеу қуаттылығы жылына 3 млн тоннаға дейін жетеді. Жобаны 2028 жылы іске қосу жоспарлануда.
Биылғы қазан айында Шортанды ауданында Hopefull Grain компаниясының тағы бір астықты терең өңдеу кешенін салу жөнінде стратегиялық келісімге қол қойылды. Инвестиция көлемі – $1,5 млрд.
Есіл ауданында бидайды өңдеу және жем өндіру зауыттарын, сондай-ақ элеватор мен құрама жем зауытын салу жоспарланып отыр.


