Ақмола облысында бірнеше адам сібір жарасын жұқтырды

0
113

Ведомствоның мәліметінше, 9 сынама алынып, оның ішінде 3 сынама оң нәтиже көрсеткен.


Ақмола облысында бірнеше адам сібір жарасын жұқтырды

фото/ BARBARA GINDL

ERNUR.KZ. Ақмола облысы Атбасар ауданында бес адам сібір жарасымен науқастанып, ауруханаға түсті, деп жазады sputnik.kz.
Барлық науқастар ауруханаға жатқызылды, жағдайы тұрақты, дейді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті.
"Зертханалық зерттеулер жасалып, эпидемиологиялық және эпизоотологиялық тексеру жүргізілді. Ошақ аумағында дезинфекциялық іс-шаралар жүзеге асырылады. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ветеринариялық бақылау комитетінің қызметкерлері Шұқыркөл ауылдық округіне барып, мал соятын орын дайындады", - дейді департамент.
Ведомствоның мәліметінше, 9 сынама алынып, оның ішінде 3 сынама оң нәтиже көрсеткен. Сынамалар ветеринария бойынша ұлттық референттік орталыққа жіберілген.
"Індет шыққан орын механикалық тазартылып, дезинфекцияланып, қалдықтар толық жанғаннан кейін көмілді. Шұқыркөл ауылдық округінің аумағында алдын ала жұқтырған малмен бірге 350-ге жуық бас мал жайылған. Малдың бәрі қорада, жайылымға шығарылған жоқ", - дейді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті.
Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасы сібір жарасын жұқтырған бес адамның жағдайы тұрақты дейді.
"Қазір бес науқас Көкшетау қаласындағы ауруханада ем алып жатыр. Оларды санавиация көлігімен облыстың бас штаттан тыс инфекционисті барып, пациенттерді қарап, облыс орталығына жеткізді. Келген кезде науқастардың температурасы жоғары болды. Қазіргі уақытта олардың жағдайы тұрақтанды. Жаралары жазылып келеді", - дейді басқарма.
Сібір жарасына қатысты тергеу жүріп жатыр.