Ақмола тұрғыны әріптесін трактормен басып кетті

0
169

​Қайғылы оқиға өткен жылдың 21 қазанында болған.


Ақмола тұрғыны әріптесін трактормен басып кетті

Фото: pixabay

ERNUR.KZ. Ақмола облысында жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аумағында күзетшіні басып кеткен механизатор сотталды. Сот отырысына өңірдегі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының қызметкерлері қатысты, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Қылмыстық істі абайсызда қазаға ұшырату бабы (ҚК-нің 104-бабының 1-бөлігі) бойынша Жақсы аудандық соты қарады.

«2024 жылдың қазанында ЖШС аумағында 23 жастағы механизатор алкоголді масаң күйде тракторды басқарып, мас болған күзетшіні басып өтіп, абайсызда оны қазаға ұшыратты», - деп жазылған хабарламада.

Сотталушы кінәсін мойындап, өкінді. Сонымен қатар оның кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сараптамалардың қорытындыларымен, бейнекамераның жазбасымен және істің басқа материалдарымен расталды.

Оқиға жазатайым оқиға ретінде сараланды.

Жаза кесу кезінде сот кінәлінің асырауында жас балалардың болуын, кінәсін мойындауын және шын жүректен өкінуін жеңілдететін мән-жай ретінде қарастырды. Мас күйінде қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны ауырлататын мән-жай деп танылды.

Азаматтық талап арыз сотқа берілмеген.

«Сот үкімімен механизатор абайсызда қылмыс жасағаны үшін 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды, ол алкоголизм мен есірткіге тәуелділіктен мәжбүрлі түрде емделеді», - деп хабарлады сот.

Кәсіпорындағы заңсыздық

Қылмыстық істі қарау барысында учаскелік полиция инспекторлары тиісті дәрежеде профилактикалық жұмыс жүргізбейтіні анықталды.

Бұдан басқа, ЖШС тиісті құжаттарды ресімдемей техниканы жуған, елді мекендердің жерлерінде пайдаланылған жанар-жағармай материалдары мен суды төгіп, экологияға зиян келтірген.

«Сот тиісті мекемелерге қатысты жекеше қаулылар шығарып, заң бұзушылықтарды жою үшін қажетті шараларды қабылдауға қаулы етті», - делінген хабарламада.

Жұмысшылар арасында осындай құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында үкім ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының қызметкерлері қатысқан көшпелі отырыста жарияланды.

Сот актілері заңды күшіне енген жоқ.