Биылғы су тасқыны кезінде Көкшетау қаласында және Атбасар, Бұланды, Жарқайың, Есіл, Астрахан аудандарында барлығы 1265 үй зардап шеккен.
ERNUR.KZ. Ақмола облысында су тасқынының салдарынан үйлері апатты деп танылған 216 отбасына «Асар Ақмола» қорының қаражаты есебінен пәтер сатып алынды, деп жазады inform.kz.
Ақмола облысы әкімдігінің мәліметінше, биылғы су тасқыны кезінде Көкшетау қаласында және Атбасар, Бұланды, Жарқайың, Есіл, Астрахан аудандарында барлығы 1265 үй зардап шеккен.
«Бүгінгі таңда облыс бойынша су тасқынының салдарын жою бойынша жұмыстар белсенді жүргізіліп жатыр. Барлық зардап шеккен отбасыларға жергілікті бюджет есебінен біржолғы әлеуметтік көмек төленді. Мүліктік залалдың өтемақысын кезең-кезеңімен төлеу жалғасуда. Қазіргі уақытта 554 отбасына төлем жасалды. Сонымен бірге, зардап шеккен 412 адамға үйін жөндеуге материалдық көмек көрсетілді. Үйлері апатты деп танылған 216 отбасына „Асар Ақмола“ қорының қаражаты есебінен пәтер сатып алынды», — деп түсіндірді ведомстводан.
Бұған қоса, өңірде мүліктік залалды өтеумен қатар, демеушілік көмек есебінен оларды қауіпсіз аймақтарға көшіру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
«Ол үшін Атбасарда екі көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, тағы бір тұрғын үйдің құрылысы басталды. Оның ішінде бір үйді 1 тамызға, екіншісін 15 тамызға, үшінші үйді жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Үлгілік жобаға сәйкес, үш ауданда 107 жеке үйдің құрылысы қолға алынған, оның ішінде Бұланды ауданында — 56 үй, Жарқайың ауданында — 30 және Есіл ауданында — 21 үй бар. Жақын арада Бұланды ауданында тағы 59 үй салу жұмысы басталады», — деп толықтырды әкімдіктен.
Әкімдіктен атап өткендей, су тасқыны кезінде мал шығынын өтеу жөнінде өтініш түскен жоқ.
Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр.