АҚШ-та жасалып жатқан шаруаның бәрі бүкіл әлемге тікелей әсер етеді – Тоқаев

0
93

Мемлекет басшысының сөзінше, беделді саясаткерлер мен сарапшылар “дүние жүзі жаппай берекесіздік жайлаған немесе болашағы бұлыңғыр жаңа заманның қарсаңында тұр” деген пікір білдіре бастады.


АҚШ-та жасалып жатқан шаруаның бәрі бүкіл әлемге тікелей әсер етеді – Тоқаев

фото: Ақорда

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Әлемдегі ауқымды өзгерістерге баршамыз куә болып, тіпті, оған өзіміз де қатысып жатырмыз. Бұл үрдістің жалғаса берері сөзсіз. Басты халықаралық мәселелерді шешуге қатысты жаңа пайымдар мен нарративтер, ерекше көзқарастар мен тәсілдер пайда болды. Бұрын-соңды болмаған қақтығыстар, ушыға түскен сенім дағдарысы, қадір-қасиеті кете бастаған халықаралық құқық, экономикалық шайқастар қазіргі әлемнің басты сипатына айналды. Мұның бәрі жаңа технологиялық қалып орныққан, маңызды ресурстар үшін талас-тартыс күшейе түскен, өндіріс және сауда-логистика байланыстары қайта құрылып жатқан, техногендік және табиғи апаттар туындаған кезеңге тұспа-тұс келіп отыр, - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысының сөзінше, беделді саясаткерлер мен сарапшылар “дүние жүзі жаппай берекесіздік жайлаған немесе болашағы бұлыңғыр жаңа заманның қарсаңында тұр” деген пікір білдіре бастады. Басқаша айтқанда, әлемдегі ескі тәртіп күйреп жатыр, ал жаңа дәуірдің сұлбасы әлі нақты айқындалған жоқ. Көз алдымызда тарихтың жаңа айналымы басталып жатыр.

Жаһандану үдерісінің мән-маңызы жоғалып барады. Мемлекеттік ұлтшылдық, ықпал жүргізетін аумақтарды бөліске салу, әлемдік саясатта аймақтарға бөліну үрдісі алдыңғы қатарға шықты.

Президенттің ойынша, демократиялық моральдық делініп жүрген құндылықтар, оның ішінде ЛГБТ көптеген елге ондаған жыл бойы күшпен таңылып, соның желеуімен халықаралық үкіметтік емес ұйымдар мен қорлар арқылы мемлекеттердің ішкі ісіне ашық араласу белең алды. Оның түпкі мақсаты бар болғаны ұрлық, яғни сан миллиардтық бюджетті қалтаға басу екен.

“Даму мен демократия”, “адам құқықтары”, “баспасөз бостандығы”, “сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес” деп ұрандатып жүргендердің бәрінің дерлік жеке байлығы жалақысының мөлшеріне еш сай келмейді. Сондықтан Президент Трамп бастаған Америка әкімшілігінің жаппай қызмет бабын асыра пайдалануға қатысты оқиғаларды анықтауға және “тұңғиық мемлекет” ұғымына тән саяси екіжүзділікті әшкерелеуге, дәстүрлі моральдық құндылықтарды қалпына келтіруге бағытталған жұмыстары қолдауға лайық. АҚШ-та жасалып жатқан шаруаның бәрі бүкіл әлемге тікелей әсер ететіні баршаға мәлім, - деп айтты Президент.