Ақшаны жылыстату: Қайрат Сатыбалдыұлы кінәсін мойындады

0
437

2022 жылдың наурызында Сатыбалдыұлы шетелге ұшпақ болған жерінде ұсталған болатын.


Ақшаны жылыстату: Қайрат Сатыбалдыұлы кінәсін мойындады

ERNUR.KZ. Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында өткен басты сот отырысында Қайрат Сатыбалдыұлы өз кінәсін толық мойындады, деп жазады tengrinews.kz.

Жиында прокурор айыптау қорытындысын жариялады. Сатыбалдыға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 218-бабы 3-бөлігі 3-тармағы ("Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе)өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату)") бойынша айып тағылып отыр.

Айыптау қорытындысы жарияланғаннан кейін судья Бағлан Идирисов Сатыбалдыұлынан тағылған айыпты мойындай ма, сұрады.

"Мойындаймын, құрметті сот. Толық көлімде", - деп жауап берді Қайрат Сатыбалдыұлы.

Сатыбалдыұлы айыптау актісінде көрсетілген сомаларға да келіскен. Сондай-ақ, тергеу барысында алынған айғақтарды даулаудан бас тартты.

Еске салайық, 2022 жылдың наурызында Сатыбалдыұлы шетелге ұшпақ болған жерінде ұсталған болатын.