Ақтауда 8 жасар қызға аңдып жүріп шабуыл жасаған ер адам ұсталды

0
520

Оқиға өзге оқушылардың көзінше болған.


Ақтауда 8 жасар қызға аңдып жүріп шабуыл жасаған ер адам ұсталды

иллюстрациялық фото

ERNUR.KZ. Ақтауда ер адам көшеде кетіп бара жатқан 8 жасар қызды аңдып жүріп, денесіне қол жүгірткен. Оқиға өзге оқушылардың көзінше болған, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Әлеуметтік желіде видеосы тараған жаға ұстатарлық оқиға 28 қыркүйекте сағат 17:30 шамасында болған.


«Ол кезде әлі жарық болғандықтан айналада адамдар көп жүрсе де, ол адамға ештеңе кедергі болмаған. Менің қызым мен жиенім мектептен қайтып келе жатқанда, дәл үйдің жанында оларды қуып жеткен бейтаныс ер адам қызыма бас салған. Ол оған дейін балалардың соңынан еріп келгенін видеодан көруге болады. Ер адам қызыма жақындап келіп, оның интимдік жерлерін ұстап, ыңырсып, ләззат ала бастаған. Қатты шошынған балалар үйге жанұшыра қашып, әрең келген. Шошынғандары сонша, бірнеше күн үйден шықпады, сабаққа да бара алмады. Оларға «жаман ағаны ұстап алып, түрмеге жапты» деп өтірік айтуға тура келді», - дейді жәбір көрген қыз баланың анасы.

Әйел сол күні полицияға арыз жазғанын, алайда тәртіп сақшылары ер адамды табуға асықпағанын айтады.

«Мен полиция бөліміне бардым, қылмыстық іздестіру бөлімі бастығының орынбасарымен сөйлестім. Тіпті, видеоны да өзім тауып алдым. Әлгі адамның беті анық түсіп қалған. Оны полиция қаласа, бірінші күні-ақ тауып алар еді», - деп шағымданады баланың анасы.

Аталған дерекке қатысты Ақтау қаласы полиция басқармасы пікір білдіріп, оқиғаның СДТБТ-де ҚР ҚК 124-бабы 1-бөлігі бойынша тіркелгенін мәлімдеді.

«Криминалдық полиция қызметкерлері күдікті адамды анықтап, ұстады. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бұл іс бойынша толық және объективті тексеру жүргізіліп, содан кейін құқықтық бағалау беріледі. Қылмыстық іс тәжірибелі тергеушіге жүктелген. Өзге ақпарат тергеу мүддесі үшін жария етілмейді», - деді Ақтау қаласы Полиция басқармасының тергеу бөлімінің бастығы Мақсат Молдабаев.