Клубта V $ X V PRiNCE (Асха Принц) лақап атымен танымал рэп орындаушының концерті өтпек болған
ERNUR.KZ. Ақтауда карантин кезінде тығылып концерт өткізбекші болған түнгі клуб иелеріне айыппұл салынды, деп хабарлайды Хабар24.
Танымал рэп орындаушысының ән кешін тамашалауға 70-тен астам адам келген. Түнгі клуб алдына жиналған көпшілікті полиция қызметкерлері байқап, мониторинг топ өкілдерін шақырған. Құрамында әкімдік қызметкерлері, санитарлық дәрігерлер бар мониторинг топ концертті тоқтатты.
Маңғыстау облысының Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, V $ X V PRiNCE (Асха Принц) лақап атымен танымал рэп орындаушының концерті өтпек болған. Облыстың бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, көпшілік іс-шараларды өткізуге тыйым салынған, әрі мұнда санитарлық талаптар мүлде сақталмаған. Бетпердесіз жүрген жастар арақашықтықты сақтамаған, дейді полиция қызметкерлері. Әкімшілік кодекстің 425 - бабын бұзғаны үшін жеке тұлғаларға 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, лауазымды тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға 230 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу түріндегі әкімшілік жаза қарастырылған.
- Сағат 21:40-та 7 және 9 шағын аудандарда патрульдеу кезінде учаскелік инспекторлар түнгі клубқа кіреберісте топырлаған адамның жиналғанын байқайды. Полицейлер келушілермен сөйлесіп, «Н2О» клубында концерт өтіп жатқанын анықтаған. Құрамында әкімдік, СЭС мамандары бар мобильді мониторингтік топ шақырылып, концерт тоқтатылды, - дейді облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі Айғаным Рахметова.