Ақтөбе облысында «Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» автомобиль жолы учаскесін реконструкциялау жобасы ресми түрде басталды

0
136

Биыл өңірдің жол саласын дамытуға 36,4 млрд теңге бөлінді. 290,7 шақырым жолды жөндеу жоспарланып отыр.


Ақтөбе облысында «Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» автомобиль жолы учаскесін реконструкциялау жобасы ресми түрде басталды

ERNUR.KZ. Мемлекет басшысының елдің көлік-логистикалық инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында Ақтөбеде KAZ06 «Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» автомобиль жолы учаскесін реконструкциялау жұмыстарының басталуына арналған салтанатты рәсім өтті, деп хабарлайды Ақтөбе облысының әкімдігі.

Салтанатты рәсім барысында сөз сөйлеген облыс әкімі Асхат Шахаров жобаның жүзеге асырылуы өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін едәуір арттырып, соңғы жылдардағы облыстағы ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың біріне айналатынын алға тартты.

«Бүгін біз Ақтөбе облысы мен бүкіл ел үшін стратегиялық маңызы зор маңызды жобаны бастап отырмыз. Реконструкция аяқталғаннан кейін елді мекендер арасындағы көлік қатынасы айтарлықтай жақсарады, жол қозғалысының қауіпсіздігі артады, жол жүру уақыты қысқарады және халықаралық көлік дәліздерінің өткізу қабілеті ұлғаяды», — деді өңір басшысы.

Оның айтуынша, «Ақтөбе – Хромтау – Қарабұтақ – Ұлғайсын» автожолының «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізін дамытуда және Қазақстанның транзиттік әлеуетін нығайтуда рөлі зор.

Асхат Шахаров сондай-ақ жобаның өңір экономикасына оң әсерін тигізіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жергілікті бизнестің дамуына қосымша мүмкіндіктер беретінін айтты.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев KAZ06 учаскесін реконструкциялау республикалық жол желісін жаңғыртудың маңызды кезеңі болатынын атап өтті.

«Жоба автомобиль жолын заманауи инженерлік шешімдер мен құрылыс стандарттарын қолдана отырып, I техникалық санатқа ауыстыруды көздейді. Бұл трассаның өткізу қабілетін арттыруға, жол жабынының сенімділігін күшейтуге және транзиттік әрі жүк көліктерінің қозғалысына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді», — деді Дархан Иманашев.

Оның айтуынша, жобаны іске асыру жүк тасымалының тиімділігін арттырып, жолдың халықаралық көлік дәліздерінің заманауи талаптарына сәйкестігін қамтамасыз етеді.

Автожолды реконструкциялау жұмыстарының жалпы ұзындығы 262 шақырым, жеті учаскеге бөлінген.

Іс-шара барысында соңғы үш жылда Ақтөбе облысында шамамен 1,6 мың шақырым автожол жөнделгені атап өтілді. Нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 75%-дан 82%-ға дейін артқан.

Биыл өңірдің жол саласын дамытуға 36,4 млрд теңге бөлінді. 290,7 шақырым жолды жөндеу жоспарланып отыр.

«Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» автомобиль жолы учаскесін реконструкциялау Ақтөбе облысының көлік инфрақұрылымын дамытудағы маңызды кезеңге айналып, аталған бағыттағы жол қозғалысының сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.