Ақтөбе облысында Telegram месенджері арқылы қарулы жиһад материалдарын таратқан ер азамат ұсталды.
ERNUR.KZ. Ақтөбе облысында әлеуметтік желілер арқылы қарулы жиһадқа үндеген ер адам 6 жылға сотталды, деп жазады sputnik.kz.
Ресми мәліметке сәйкес, соңғы жылдары интернет арқылы радикалды идеяларды тарату қаупі айтарлықтай күшейді. Осыған байланысты 2017 жылы сайттарды тексеру арналған "Киберқадағалау" жобасы іске қосылған болатын. Соның көмегімен діни экстремизм мен терроризм белгілері бар 900 мыңнан астам веб-сілтемелер бұғатталды.
"Мысалы, 2022 жылдың соңында бас прокуратура халықаралық террористік ұйымға қатысы бар жалған уағызшының Youtube бейнеконтентінің веб-сілтемесін бұғаттады. Ол жерде, шамамен, 3 мың жазылушы және 5 мың қаралым болған", - дейді мамандар.
Ал Ақтөбе облысында Telegram месенджері арқылы қарулы жиһад материалдарын таратқан ер азамат ұсталды. Ер адам сот үкімімен 6 жылға бас бостандығынан айырылды.
Айта кетері, Қылмыстық кодекстің 256-бабы ("Терроризді насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру") бойынша терроризм материалдарын таратқаны үшін бес жылдан тоғыз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Кінәлі адамның мүлкі тәркіленеді.