Ақтөбе қаласы Алтын орда шағын ауданындағы дәмханада газ-ауа қоспасы жарылып, бес қабатты үйдің бір кіреберісі толық жабылды.
Фото: Алтынай Сағындықова\Kazinform
ERNUR.KZ. Барлығы 13 пәтер мен 4 кәсіпкерлік нысанына зақым келген. Шығынның бәрін дәмхана иесі өтейді, деп жазады inform.kz.
— Көпқабатты үйдің бірінші қабатында орналасқан 4 бизнес объектісіне зақым келді. Терезелерінің әйнегі сынған және басқа да материалдық шығын келтіргенін. Оларға техникалық тексерту және бағалау ұсынылды. Сонымен қатар, мамандар пәтерлерді қарап шығып, иелерімен әңгімелесті. 13 пәтердің иесі терезелері сынғанын және өзге де зақым келгенін айтты. Нақты шығынды анықтау үшін техникалық тексеру және бағалау мамандары шақырылды. Олар осы апта техникалық қорытындысын береді. Техникалық бағалаудан кейін жарылыс болған дәмхана иесі пәтерлерге де, бизнес нысандарға шығынды өтейді. Техникалық бағалау жұмыстарына кеткен шығынды да сол кәсіпкер төлейді, — деп хабарлады Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
— «Салам бро» кафесі өрт қауіпсіздігі саласындағы тәуекел дәрежесі төмен объектілер санатына жатады. Сондықтан жоспарлы тексеру жүргізілмейді. «Газ және газбен жабдықтау туралы» Заңына сәйкес газбен жабдықтау жүйелерін пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жатады. Газ қызметінің ақпаратына сәйкес, оқиғадан кейін аталған тұрғын үйге газ беру уақытша тоқтатылған. Газбен жабдықтау сол күні кешкі уақытта қайта қалпына келтірілген, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық ТЖД баспасөз қызметі.


