«Aktogai Milk» иесі 6 жұмысшының қаза болуына қатысты алғаш рет пікір білдірді

0
162

​Павлодар облыстық мәслихатының депутаты Александр Терентьев кәсіпорын қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсететінін мәлімдеді.


«Aktogai Milk» иесі 6 жұмысшының қаза болуына қатысты алғаш рет пікір білдірді

фото: baq.kz.

ERNUR.KZ. Павлодар облыстық мәслихатының депутаты әрі «Aktogai Milk» ЖШС иесі Александр Терентьев жөндеу жұмыстары кезінде алты адам қаза тауып, тағы бір адам ауруханаға түскен кәсіпорындағы қайғылы оқиғаға қатысты алғаш рет пікір білдірді, деп жазады baq.kz.

Александр Терентьев өзінің Instagram парақшасында компанияның ресми мәлімдемесін жариялады.

“Aktogai Milk” ЖШС кәсіпорын аумағында жазатайым оқиға орын алып, салдарынан алты қызметкердің қаза тапқанын хабарлайды. Тағы бір зардап шегуші Ақтоғай орталық аудандық ауруханасына жатқызылды, оған барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде, - делінген хабарламада.

Кәсіпорын басшылығы мен ұжымы қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Компания қаза тапқандардың отбасына қажетті көмек пен қолдау көрсететінін мәлімдеді.

Орын алған оқиға фактісі бойынша құзыретті мемлекеттік органдар тергеу жүргізуде. “Aktogai Milk” ЖШС тергеу әрекеттеріне толық ықпал етеді және тергеу қорытындысы бойынша барлық қажетті шаралардың орындалуын қамтамасыз етеді, - деп жазылған мәлімдемеде.

Александр Терентьев 1964 жылы Павлодар облысында дүниеге келген. Мамандығы бойынша - инженер-құрылысшы.

1995 жылы «Стальмонтаж» құрылыс-монтаждау фирмасын құрған. Павлодар облыстық мәслихатының IV, V, VI және VII шақырылымдарының депутаты болып сайланған. Сондай-ақ құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияны басқарған.

«Құрмет» орденімен және «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

Не болды?

Алдын ала мәліметтер бойынша, қайғылы оқиға кәріз құдығындағы электр сорғысын жөндеу және ақауын жою кезінде болған. Алты қызметкер оқиға орнында қаза тапты.

Тағы бір зардап шегуші, 1988 жылы туған азамат, орташа дәрежедегі көмірқышқыл газымен улану диагнозымен ауруханаға түсті. Оған қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.

Полиция қылмыстық іс қозғады. Мамандар оқиғаның себептерін анықтап, еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуын тексеруде. Тергеу барысы бақылауға алынды.