​Актриса қаза тапқан жол апаты: жүргізушінің кінәсі дәлелденді

0
1 317

Сараптама нәтижелері бойынша оның қанынан алкоголь табылмаған


​Актриса қаза тапқан жол апаты: жүргізушінің кінәсі дәлелденді

ERNUR.KZ. Алматы полициясы Абай және Сейфуллин даңғылдарының қиылысында үш адамның өмірі қиылған жол апатына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталғанын мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.

«Прокуратура тексеріп болған соң қылмыстық іс сотқа берілді. Тергеу барысында Gelandewagen маркалы автомашинаны жүргізген, 1985 жылы туған Ілияс Кардың кінәсі толық дәлелденді», - деп мәлімдеді қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Полицейлер дерегіне сүйенсек, жол апатының алдында Ілияс Кар караоке барда спиртті ішімдік ішкен, ал оған дейін Жандосов көшесіндегі дәмханалардың бірінде отырған. Бұдан тыс, оның спиртті ішімдік ішкені туралы дәмхана қызметкерлері куәлік берген.

«Ілияс Кар оқиға орнынан жаяу қашып кеткен. Ол бір жарым күннен кейін ұсталды. ҚР Әділет министрлігінің Сот сараптамалары институтында сот-химиялық сараптамаларын жүргізу үшін оның қанынан сынама алған. Сараптама нәтижелері бойынша оның қанынан алкоголь табылмаған», - дейді полицейлер.

Бірақ сотқа жіберілген айыптау актісінде тергеу жолымен дәлелденген, оның мас күйде болғанын дәлелдейтін факт көрсетілген. Еске сала кетейік, 29 желтоқсан күні болған жол апатында үш адам, соның ішінде белгілі актриса Шолпан Елгезекова қайтыс болған.

Іс сотқа 29 қаңтар күні жіберілді. Кеше бірқатар БАҚ қайтыс болғандардың бірінің туысына сілтеме жасап, сараптама кезінде Gelandewagen жүргізушісінің қанынан алкоголь табылмағанын хабарлаған болатын.