Ақылы олимпиадалардың Білім және ғылым министрлігіне қатысы жоқ - Шолпан Каринова

0
346

Өз қаражатын жұмсамас бұрын, ата-аналар ұйымдастырушының кім екенін, балаларды дамытуда қандай тәжірибесі бар екенін, балалардың оларға не үшін қатысуы керектігін, олардың қандай дағдыларды дамытатынын анықтау алуы маңызды.


Ақылы олимпиадалардың Білім және ғылым министрлігіне қатысы жоқ - Шолпан Каринова

ERNUR.KZ. Ақылы білім беру олимпиадаларының Білім және ғылым министрлігіне қатысы жоқ. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

«Қоғамда көп талқыланып жүрген мәселеге тоқталып өтпекпін. Бұл өз кезегінде ұйымдастырылып жатқан ақылы олимпиадалар мен конкурстарға қатысты. Қазіргі кезде қазақстандық білім беру нарығында жекеменшік кәсіпорындар мен ұйымдар да осы қызметтерді ұсынып келеді. Олар түрлі ақпарат көздері арқылы ата-аналарға да, оқушыларға да, мұғалімдерге де, мектептерге де мәліметтерді толықтай жеткізіп тұрады. Бұл қызмет көрсету саласы лицензияланбайды және министрлік тарапынан ресми тұрғыда рұқсат алуды қарастырмайтын қызмет түрі. Қазіргі кездегі тәжірибеде осы конкустардың барлығы ақылы түрде өткізіліп жатыр. Оларға қатысу үшін ата-аналар өз қаражатын салады», - деді Ш. Каринова Орталық коммуникациялар қызметінде.

Осы орайда ол аталған ақылы жарыстардың деңгейі түрлі дәрежеде екенін атап өтті.

«Ата-аналар мен мұғалімдердің атап өтуінше, олардың ішінде өте нашар ұйымдастырылатындары да кездеседі. Сонымен қатар, балалардың дамуы тұрғысынан қызықты әрі танымдық түрде өткізілетін олимпиадалар баршылық. Көбінесе бұл ұйымдар олимпиадалар атауын министрліктің тізбесінде бекітілген жарыстар секілді етіп жариялайды. Бірақ Білім және ғылым министрлігінің бұл ақылы жарыстарға ешқандай қатысы жоқ екенін атап өтемін. Сондықтан балалар мен мұғалімдер, мектептер әртүрлі олимпиадалар мен конкурстарға оқушылардың қатысуын таңдаған кезде мұқият болуына кеңес береміз», - деді вице-министр.

Оның айтуынша, өз қаражатын жұмсамас бұрын, ата-аналар ұйымдастырушының кім екенін, балаларды дамытуда қандай тәжірибесі бар екенін, балалардың оларға не үшін қатысуы керектігін, олардың қандай дағдыларды дамытатынын анықтау алуы маңызды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Білім және ғылым министрлігі ұйымдастыратын олимпиадалар оқушылар үшін ақысыз негізде болады.