83 жастағы зейнеткерге орта жастағы әйел келіп, оған үйін сатуды ұсынады.
ERNUR.KZ.Солтүстікқазақстандық криминалистер алты айдың ішінде 550 қылмысты әшкерлеген, деп жазады ҚазАқпарат.
Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі атап өткендей, тергеушілер, жедел қызметкерлер мен сарапшы-криминалистер күн сайын тергеу-жедел топтың құрамында кезекшілікке түседі. Қылмыстың әшкереленіп, қылмыскерлердің ұсталуы әр офицердің тиянақты жұмысына байланысты. Таяуда тәртіп сақшылары саусақ ізі арқылы алаяқты ұстады. Криминалистер саусақ іздерін әйелдің су ішкен ыдысынан тапқан.
«83 жастағы зейнеткерге орта жастағы әйел келіп, оған үйін сатуды ұсынады. Үй иесі пәтерін сатпайтынын айтады. Келген әйел бір шыны су сұрап, әжеде дуа барын айтады және оны «алып тастауға» кіріседі. Әже сол күні зейнетақысын алады. Әйел ақшаны көріп, оны алып қашып кетеді», - деді баспасөз қызметінен.
Жедел-криминалистика басқармасының бастығының м.а. Қанат Оспановтың айтуынша, ведомство қызметкерлері жарты жылда 7,5 мың жедел-іздестіру іс-шаралары мен тергеу әрекеттеріне қатысқан.
«3 мың криминалистік зерттеу жүргіздік. Оның ішінде 118 дактилоскопиялық және 75 трасологиялық зерттеу оң нәтиже берген. Жалпы, осы арқылы 553 қылмыс ашылды», - деп атап өтті Қ.Оспанов.