Өкінішке орай, елімізде интернет пен телефон арқылы алаяқтық жасау фактілері көбеюде.
ERNUR.KZ. Бүгінгі таңда алаяқтармен күресудің тиімді әдістерінің бірі- жалған нөмірлерді бұғаттау. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрі Бағдат Мусин мәлімдеді, деп жазады Ulysmedia.kz.
Министрдің сөзінше, интернет пен телефон арқылы халықты алдайтындар саны көбейген. Мәселен, 2016 жылы осындай 1 мың жағдай тіркелсе, 2021 жылы олардың саны 21 мыңға дейін өскен.
«Қазіргі уақытта байланыс операторларымен бірге осы мәселеге қатысты бірлескен іс-шараларды жүзеге асырып жатырмыз. Алаяқтармен күресудің тиімді әдістерінің бірі – жалған нөмірлерді бұғаттау. Қыркүйек айының соңына дейін байланыс операторлары алаяқтар қоңырау шалатын жалған телефон нөмірлерін анықтап, бұғаттайтын болады.
Цифрлық даму министрлігі азаматтардың қауіпсіздігін ескере отырып, ұялы нөмірлерді тіркеу кезінде биометриялық сәйкестендіру жүйесін енгізуді қарастырып жатыр. Осылайша, біз телефон нөмірлерінің бөтен адамдарға тіркелу жағдайларының алдын алғымыз келеді», - деп жазады Бағдат Мусин.
"Сондай-ақ біз интернет-алаяқтыққа қарсы ақпараттық-түсіндіру бағытында банктермен тығыз әрекет жасауды ұсынамыз, өйткені алаяқтық фактілердің орын алуы көп жағдайда банк операцияларымен тікелей байланысты. Банк қызметкерлері тұрғындарға хабарласқан уақытта оның шыныменде банктен хабарласып тұрғанына көз жеткізу үшін SMS-хабарламалар арқылы сәйкестендіру жүйесін енгізуге болады", – деп хабарлады ол.
Министр аталған бастамалардың мәселені түбегейлі жоймайтынын, тек шешудің бір ғана жолы екенін атап өтті.