Алаяқтардан қалай қорғануға болады: қазақстандықтар үшін тегін курстар ашылды

0
111

Кибермәдениет деңгейін арттыру үшін тегін білім беру ресурстары да қолжетімді.


Алаяқтардан қалай қорғануға болады: қазақстандықтар үшін тегін курстар ашылды

ERNUR.KZ. Қазақстанда кибералаяқтыққа қарсы іс-қимыл шаралары қабылданып жатыр. Былтыр байланыс операторлары жанынан антифрод-жүйелер құруды көздейтін заңнамалық түзетулер пакеті қабылданды. Алайда Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, алаяқтық схемалар үнемі жетілдіріліп отырады. Сондықтан техникалық және құқықтық шаралармен қатар халықтың киберсауаттылығын арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында вице-министр Досжан Мұсалиев мәлімдеді.

«Тәжірибе көрсеткендей, пайдаланушылар цифрлық қауіпсіздік қағидаларын өздері сақтамаса, ең заманауи технологиялардың өзі толық қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмайды. Осы мақсатта мемлекет азаматтарға өздерінің қорғалу деңгейін дербес арттыруға мүмкіндік беретін цифрлық сервистерді енгізді», – деді спикер.

Осылайша, тегін цифрлық сервистер мен білім беру платформалары іске қосылды. eGov Mobile қосымшасындағы «Стоп-кредит» сервисі азаматтарға өз еркімен несие рәсімдеуге тыйым салуға мүмкіндік береді. Ал дербес деректерге қолжетімділікті бақылау сервисі қандай ұйымдарға жеке деректерді өңдеуге келісім берілгенін тексеріп, қажет болған жағдайда оны кері қайтарып алуға жағдай жасайды. NomadGuard платформасы жеке деректердің ықтимал таралуын тексеруге және фишингтік сілтемелерді анықтауға көмектеседі.

Кибермәдениет деңгейін арттыру үшін тегін білім беру ресурстары да қолжетімді. Атап айтқанда, UNICEF ұйымымен бірлесіп әзірленген eGov және eGov Mobile платформаларындағы балалар мен ата-аналарға арналған жаңа онлайн-курс іске қосылды. Онда кибербуллинг, онлайн-груминг, дербес деректерді қорғау және интернеттегі қауіпсіз мінез-құлық мәселелері қамтылған. Сонымен қатар азаматтар мен мемлекеттік қызметшілерге арналған кибергигиена негіздері бойынша курстар ұсынатын CitizenSec платформасы жұмыс істейді.

Сонымен қатар әрбір қазақстандыққа кибермәдениеттің негізгі қағидаларын сақтау ұсынылады:

  1. SMS-кодтарды, құпиясөздерді және банк карталарының деректерін ешкімге хабарламау. Банктер мен мемлекеттік органдар мұндай ақпаратты телефон арқылы немесе мессенджерлерде сұратпайды.
  2. Күмәнді сілтемелерге өтпеу және белгісіз жіберушілердің хабарламаларына жауап бермеу. Жеке деректерді енгізер алдында сайттың немесе қосымшаның мекенжайын міндетті түрде тексеру.
  3. Әрбір сервис үшін күрделі әрі бірегей құпиясөз қолдану және екі факторлы аутентификацияны қосу.
«Заманауи технологияларды, мемлекеттік сервистерді және әрбір азаматтың жауапты іс-әрекетін ұштастыру ғана кибералаяқтық тәуекелдерін едәуір төмендетіп, азаматтардың қорғалу деңгейін арттыруға мүмкіндік береді», – деп түйіндеді вице-министр.