Әлеуметтік желі балаларды ғана емес, үлкендерді де зомбиге айналдыруы мүмкін – Тоқаев

0
427

Президент балалар арасындағы қайғылы жағдайлардың себебі неде екенін айтты.


Әлеуметтік желі балаларды ғана емес, үлкендерді де зомбиге айналдыруы мүмкін – Тоқаев

фото: CC0 / Arieth /

ERNUR.KZ. Мемлекет басышысы Қасым-Жомарт Тоқаев балалар арасындағы қайғылы жағдайларға қытысты пікір білдірді, деп жазады sputnik.kz.

Президенттің айтуынша, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтарын қорғау, олардың жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың ең басты басымдығы. Бірақ бақытты балалықтың негізі отбасыдан басталады.
"Біздің қоғам қазір бетпе-бет келген көптеген мәселе мен кеселдің түп-тамыры ата-аналардың бала тәрбиесіне өз деңгейінде араласпауынан басталады. Ұрпақтың цифрлық дүниелерге тәуелді болуы мен виртуалды әлемге шектен тыс құмартуы нағыз дертке айналды. Балаларға қатысты кез келген қайғылы жағдай менің жаныма батады. Мемлекеттік органдардың назарын дереу осындай жағдайларға аударып, тиісті тапсырмалар беріп, орындалуын тұрақты бақылауымда ұстаймын", - деді Тоқаев мәслихат депутаттарының ІІ республикалық форумында.
Осы орайда мемлекет басшысы заманауи технологиялар дамуға даңғыл жол ашатынын ерекше атап өтті. Алайда адам өміріне де айтарлықтай қауіп төндіреді.
"Танымал әлеуметтік желілер балаларды ғана емес, үлкендерді де зомбиге айналдыруы мүмкін. Ата-аналар балаларының тәрбиесін мемлекетке немесе мектепке ысыра салмауы керек. Гаджеттердің құрсауында қалдыруға тіпті болмайды. Балаларына цифрлық гигиенаның қарапайым ережелерін үйретуге ата-ана жауапты. Ұл-қыздарымызға көңіл бөлу, бірге уақыт өткізу, оларды алаңдатқан мәселелер жайында әңгімелесу маңызды. Баланың смартфон немесе компьютер пайдаланған кезінде не істеп жатқанын қатаң қадағалау қажет", - деп атап көрсетті президент.
Тоқаев ата-аналардың жауапкершілігі идеясын ілгерілетуге бағытталған қоғамдық бастаманы қолға алу қажет деп санайды.
"Өскелең ұрпақтың қауіпсіздігін жан-жақты қамтамасыз ету үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға нақты шара қабылдауды тапсырамын. Балалар мен жасөспірімдер арасында ел ішіндегі шынайы қаһармандарды насихаттауымыз қажет. Мысалы, жақында өткен Дүниежүзілік олимпиададағы шахматшы қыздарымыздың жарқын жеңісі үлгі етуге тұрарлық", - деді Тоқаев.
Бұдан бөлек, қазақстандық оқушылар математикадан, физикадан және басқа да пәндерден өткен олимпиадаларда жоғары нәтижеге қол жеткізіп жүр.