Үкімет басшысының пікірінше, технологиялық процестерді жаңғыртуға, оның ішінде моральдық тұрғыда әбден тозығы жеткен жабдықтарды жаңартуға бөлінген инвестициялар жеткіліксіз.
ERNUR.KZ. Қарағанды облысына жұмыс сапары кезінде ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Теміртау қаласының өнеркәсіп және әлеуметтік нысандарын аралады, деп жазады inform.kz.
Үкімет басшысы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның 3-домна пешінің жұмысымен танысты, сондай-ақ облыс және кәсіпорын басшылығымен өнеркәсіп қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін талқылады. Әлихан Смайылов металлургия қаупі аса жоғары өндіріс саласы екенін атап өтті. Бұл ретте «АрселорМиттал Теміртауда» аталған проблема өткір болып тұр, ал кәсіпорында жүргізіліп жатқан қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету шаралары жағдайды түбегейлі жақсартуға мүмкіндік беріп отырған жоқ.
Үкімет басшысының пікірінше, технологиялық процестерді жаңғыртуға, оның ішінде моральдық тұрғыда әбден тозығы жеткен жабдықтарды жаңартуға бөлінген инвестициялар жеткіліксіз. Бұл – өндірістегі апаттық жағдайлардың туындауына әкелетін басты себептердің бірі.
«Жыл сайын өндірісте 10-12 адам мерт болады. Біз бұл жағдайға көне алмаймыз. Жабдықардың әбден тозығы жеткен, жаңғыртуға салынатын инвестициялар деңгейі басқа кәсіпорындармен салыстырғанда 2-3 есе төмен. Мұны түзету керек. Инвестиция көлемін кезең-кезеңмен арттырып, ең алдымен, қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек», - деді Ә. Смайылов компания басшылығына.
Сонымен қатар Премьер-Министр экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне назар аударды.
«Күн тәрбінде экологиялық мәселелер өткір тұр. Мемлекет басшысы біздің алдымызға тиісті міндеттер қойып отыр. Сондықтан бұл мәселе бойынша бірлесіп жұмыс істеуіміз керек», — деді ол.
Осыған байланысты Үкімет басшысы кәсіпорын басшылығын өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алу және экологиялық міндеттемелерді сақтау бойынша пәрменді шаралар әзірлеуге шақырды.
Бұдан кейін Әлихан Смайылов «Линде Газ Қазақстан» ЖШС өнеркәсіптік газ өндіру зауытының қызметімен танысты. Зауыт Мемлекет басшысының Германияға сапары кезінде Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғаннан кейін іске қосылған.
«Бұл орайда екі ел арасындағы уағдаластықтар табысты іске асырылып жатқанын көруге болады. Бұл біздің елге инвестиция салуды қарастыратын басқа шетелдік компаниялар үшін жақсы ынталандыру болмақ», — деді Премьер-Министр. Әлихан Смайылов компанияның көмірқышқыл газы шығарындыларын азайту жөніндегі шешімдері еліміздің басқа өңірлеріндегі металлургия және химия зауыттарында, мұнай-газ және энергетика салаларының кәсіпорындарында сәтті қолданылуы мүмкін екенін айтты.
Сондай-ақ Үкімет басшысы Теміртауда балаларды тәрбиелеу мен дамытудың жақсартылған бағдарламасын іске асыратын «Жас таланттар академиясы» балабақшасына барды.
Биыл республика бойынша 322 жаңа балабақшаны іске қосу жоспарланған, оның ішінде 14 балабақша Қарағанды облысында орналасқан. Премьер-Министр әрбір балаға мектепке дейінгі сапалы білім беріп, тәрбиелеу үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту және бизнесті ынталандыру бойынша жүйелі жұмыс жалғасатынын атап өтті.