Алимент алушыға ақшаны қайда жұмсағаны туралы есеп беру міндеттелмек

0
837

Ерлер құқығын қорғайтын қауымдастық бұны заң жүзінде міндеттеуді ұсынды.


Алимент алушыға ақшаны қайда жұмсағаны туралы есеп беру міндеттелмек

ERNUR.KZ. Елімізде енді алимент алушы төлеуші тарапқа қаражатты қайда жұмсағаны туралы есеп беруі мүмкін. Ерлер құқығын қорғайтын қауымдастық бұны заң жүзінде міндеттеуді ұсынды. Айтуларынша, ақшаны балаға емес, өз керегіне жұмсайтындар бар екен, деп жазады stan.kz.

Қазақстандағы ерлер құқығын қорғайтын қауымдастық мүшелері төленген қаражаттың орынымен жұмсалғанын қалайды. Сол себепті алушы тарап ақшаның қандай мақсатқа кеткені жайлы есеп беруі тиіс дейді. Аталмыш жобаны “Неке және отбасы туралы” кодекске енгізіп, ай сайын жазбаша есеп беруді міндеттеу керектігін ұсынды.

"Заң бойынша алимент балалардың қажетіне, олардың оқуына, түрлі үйірмелерге жұмсалуы тиіс. Бірақ бұл қаражатты балаға емес, алушы тарап өздеріне жұмсайтын жағдайлар жиі кездеседі. Мысалы, бала ақылы балабақшаға немесе үйірмеге бармайды. Керісінше анасы жеке қажеттіліктерін алып, тіпті, шетелде демалатындар бар. Бұл нені білдіреді? Әрине, алимент балаға емес, оның анасына жұмсалып жатыр деген сөз. Мәселен, біздің топта 500 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін алимент төлейтіндер бар. Олардың дені - ақшаның қайда кетіп жатқанын білгісі келеді", - деді "Маскулизм" ерлер құқығын қорғайтын қауымдастық өкілі.

Дегенмен, Алматы қаласының тұрғыны Жәмиля Тоқанова бұл оймен келіспейді. Ол екі айдан бері бұрынғы күйеуінен алимент алып келеді. Өз баласынан есеп сұрау - миға қонымсыз дейді, ол.

"Мысалы мен 98 мың теңге аламын. Отчет бермеймін, менен сұрамайды. Маған сол ыңғайлы. Менің ойымша ол ақылға сыймайтын нәрсе. Өйткені әр әйел адам өзі біледі. Мысалы, подгузник алса, ол әр чекті сақтап жүрмейді ғой", - дейді Алматы қаласының тұрғыны Жәмиля Тоқанова.

Ал, заңгер Альбина Бақтиярқызы неке және отбасы туралы кодекске сәйкес, ата-ана ақшаның қайда жұмсалғанын білуге құқығы бар екенін айтады. Алиментті төлеп жатқан адам қаражаттың қайда кеткенін білуі тиіс дейді.

"Заңгер ретінде енді өз тәжірбиемізде бұндай жағдайлар көп кездесіп жатады. Отбасы ажырасып, екі адам екі жаққа кеткеннен кейін, бала біреуінде қалады. Екінші тарап алиментті сұрайды. Бірақ, кейін анықтап жатсақ ол алимент тікелей баланың пайдасына емес, жеке өзінің немесе туысқандарының басқа пайдасына кетіп қалып жатады. Осы тұрғыдан алған кезде баланың құқығын қорғау мақсатында есеп берген дұрыс.", дейді адвокат Альбина Бекқұлова.

Елде егер ажырасқаннан кейін ерлі-зайыптылар арасында алимент төлеу тәртібі мен мөлшері туралы келісім болмаса онда неке және отбасы туралы Кодекстің 139-бабына сәйкес сотпен төлеу қарастырылған. Мәселен, бір балаға борышкердің еңбекақысының төрттен бір бөлігі, ал екі балаға – табысының үштен бірі алынады. Ал, үш және одан да көп балаға алимент төлейтін адам айлық кірісінің тең жартысын бөліп береді.