Әңгіме елдегі әр сегізінші тұрғынға азық-түлік сатып алуға көмектесетін SNAP бағдарламасы жайлы болып отыр.
ERNUR.KZ. АҚШ-тағы федералдық азық-түлік көмегі 2025 жылдың 1 қарашасынан бастап үкімет жұмысының тоқтап қалуына байланысты уақытша тоқтатылады, деп жазады BAQ.KZ.
Бұл туралы елдің Ауыл шаруашылығы министрлігі өз сайтында хабарлама жариялап, CBS арнасы мәлім етті.
Әңгіме елдегі әр сегізінші тұрғынға азық-түлік сатып алуға көмектесетін SNAP бағдарламасы жайлы болып отыр. Дональд Трамп әкімшілігі қараша айында төлемдерді жалғастыру үшін резервтік қордағы шамамен 5 миллиард долларды пайдаланудан бас тартқан.
“ Қор таусылды. Қазіргі уақытта 1 қарашадан бастап ешқандай жәрдемақы төленбейді “, – делінген министрліктің мәлімдемесінде.
Министрлік түсіндіргендей, резервтегі қаржы тек төтенше жағдайларда – мысалы, табиғи апат кезінде көмек көрсету үшін қарастырылған және оны тұрақты төлемдерге жұмсауға болмайды.
SNAP бағдарламасының тоқтатылуы АҚШ бойынша миллиондаған отбасына әсер етуі мүмкін. Кейбір штаттар төлемдерді өз қаражаты есебінен жалғастыруға ниетті, алайда федералдық үкімет бұл шығындардың өтелмейтінін ескерткен.
1 қазаннан бастап үкімет жұмысының тоқтауы АҚШ тарихындағы ең ұзақ мерзімділердің бірі болып отыр. Ақ үй бұл жағдайға демократтарды айыптаса, демократтар өз кезегінде республикашылдарды бюджет бойынша екіжақты келісімге келуге шақырып отыр.


