Алматы облысында алты бала жол апатына түсті: біреуі көз жұмды

0
127

Көлік рөлінде болған бала нағашы ағасының көлігін рұқсатсыз мініп кеткен.


Алматы облысында алты бала жол апатына түсті: біреуі көз жұмды

фото: Stefan Schweihofer

ERNUR.KZ. Алматы облысы Райымбек ауданының Сарыжаз ауылында 16 жастағы алты бала жол апатына түсті. Олардың біреуі көз жұмды, деп жазады sputnik.kz.

Қайғылы жағдай 17 тамызға қараған түні сағат 02:00 шамасында болған. Көлік аударылып кеткен.
"Қызым кешкісін қыздарға барып келемін деп шығып кеткен. Ылғи бірге жүрген қыздар. Көз жұмған қыз – менің қызымның құрбысы. Бір үйдің жалғыз қызы еді", — дейді Гүлмария Синтикова.
Балалар Қарасаз ауылына бара жатқан. Алдын ала мәлімет бойынша, жолға шығып кеткен жылқыдан айналып өтпек болған кезде көлік аударылған.
"Көлік жоғары жылдамдықпен жүрген деп жатыр. Қызымның арқасы, беті мен қолы жараланған. Миы шайқалған дейді. Маған түнгі сағат үш жарымда фельдшер хабарласып, қызың жол апатына түсті деді. Біреуі қонақ болып келген бала екен. Ал көлік рөлінде ұл бала болған. Бәрі – сыныптастар. Қарасазға не үшін бармақ болғанын білмеймін", — дейді қыздың анасы.
Көлік жүргізген бала нағашы ағасының көлігін рұқсатсыз мініп кеткен.
"Ол бала нағашы ағасының көлігін мініп кеткен. Ағасы мұны білмеген де, шөпте болған. Бала қаладан келіп, көлікті мініп кетіпті. Ата-анасы оның қаладан келгенін де білмей қалған", - дейді Гүлмария Синтикова.
Қонақ болып келген бала жансақтау бөлімінде жатыр. Жол апатына түскендердің барлығы бірден аудан орталығындағы ауруханаға жеткізілген.

"Бес бала жеткізілді. Біреуі жедел жәрдем жеткенге дейін көз жұмды. Бір науқас жансақтау бөлімінде жатыр. Төртеуінің жағдайы тұрақты", — дейді Райымбек аудандық ауруханасының дәрігерлері.

Оқиғаға қатысты Алматы облыстық полиция департаменті әзірге ақпарат берген жоқ.