Алматы облысында ер адам көпірден құлап, қайтыс болды

0
406

Қалың ел «қылкөпір» деп атап кеткен өткелде «жылда адам өледі» екен.


Алматы облысында ер адам көпірден құлап, қайтыс болды

Алматы облысына қарасты Есік қаласының маңындағы Үлкен Алматы каналын кесіп өтетін көпірден құлап қайтыс болған 46 жастағы азаматты жақындары кеше жер қойынына тапсырды. Ал осы арна маңындағы халық, тағы да адам өлмесін деп бүгін әкімдік өкілдеріне талап қойды, деп хабарлайды ERNUR.KZ Алматы арнасына сілтеме жасап.

Қалың ел «қылкөпір» деп атап кеткен өткелде «жылда адам өледі» екен.

«Құлап барып, сырғанап анау тұрған бетонға басын жарып, үйелеп қалған. Артқа шығуға мүмкіндік жоқ. Үш қызы, бір ұлы бар. Бір үй азаматынан, асыраушысынан айырылып отыр. Нарынқолға әке-шешеміздің жанына жерлеп келдік», – деді марқұмның інісі Елжас Нүсіпов.

Бұған дейін де талай адам суға кетіп, денесін әзер тауыпты.

«Біріншіден, бұл көпір емес, «ГидроСервис» ЖШС балансында тұрған үстінен су өтетін құрылғы. Ал басқа мекеменің балансында тұрғандықтан, мемлекет тарапынан қаражат бөліп, көпір салып бере алмаймыз. Демеуші табылған жоқ, іздеп жатырмыз», – деді Еңбекшіқазақ ауданы Бөлек ауылдық округінің әкімі Асыл Изиев.

Азаматтар әлгі қанды өткелге құзырлы орган өкілдерін шақырып, арыз жазды. Көп ұзамай аудандық прокуратураға да шағым түсірмек.