Алматы облысы Есік қаласының 29 жастағы тұрғыны Дастан Елеубаев кісі қолынан қаза тапты.
ERNUR.KZ. Қайғылы оқиға 3 шілдеде болған. Марқұмның денесінде бірнеше жерден пышақ жарақаты бар. Марқұмның досы тың ақпаратты жеткізді, деп жазады sputnik.kz.
Жаны ізгі, елгезек жан еді...
"Дастан өте бір жаны ізгі, елгезек, елдің бәріне жаны ашып тұратын ақкөңіл жігіт еді. Күдіктімен 6 жылдан бері дос, әрі жұмыста серіктес болды. Дастанмен осыдан 20 шақты күн бұрын жолықтық. Сол досы екеуі жауапкершілігі шектеулі серіктестік ашқанын, бірақ ол досы жұмыстан ысырып тастағанын, қазір күйзелісте жүргенін айтқан еді", - дейді марқұмның досы.
Досы, әрі серіктесінің қолынан қаза тапты
Дастан мен серіктес досы осыдан бір жыл бұрын құрылыс бойынша тендер ұтып алған.
"Олар бір жыл бұрын қыс мезгілінде ЖШС ашады, құрылыспен айналысып, адам жалдауды жоспарлайды, бәріне қиналып жүріп қол жеткізеді. Сөйтіп жұмыстары жақсы жүре бастайды. Дастан үйін күрделі жөндеуден өткізіп, көлік алды. Ал жұмысты бірге бастаған әріптесі бөліске түскен ақшаны құмар ойынға салып жібереді. Жұмысшылардың ақшасын онлайн казиноға тігіп жіберетінді шығарған", - дейді атын жасырып сұхбат берген досы.
Ақыры серіктесі Дастанның өзін жұмыстан аластатады. Уақыт өте келе құмар ойынның салдарынан өзі де жұмысынан айрылады.
"Құмар ойынға үйреткен – Дастан"
"Оқиға болардан бір апта бұрын сол серіктесі Дастанның үйіне барып байбалам салған. "Құмар ойынға мені үйреткен Дастан, маған 2 млн теңге беріңдер" деп Дастанның әкесіне барып тиіскен. Әкесі "өзіңнің басың жоқ па, онсыз да 1,5 млн несие әпердік, соны төле" деген секілді біраз әңгіме болған. Негізі ол лудоман серіктесінің проблемасын ылғи Дастан шешіп жүретін. Жаңағы күдікті жігіт Дастанның тірлігін көре алмаған. 3 шілдеде Дастанды алдап алып шығып, жағар май құю станциясының жанында көліктің есігін ашып, пышақты бірнеше рет салған. Біреулер 13, біреулер 20 жерден пышақ салған деп жатыр. Бұл ақпаратты інісі де айтып отыр. Ақ-қарасын құқық қорғаушылар дәлелдеп жатар", - дейді сұхбат беруші.
Жігіттердің арасындағы қайғылы оқиғаға тікелей құмар ойыны себеп болған дейді Дастанды танитындар.
Жолдан қосылған жолдас болмайды
"Дастан "жолдан қосылған жолдас болмайды" деген рас екен деп айтып жүруші еді. Өлтірді деген жігіт жұмыс кезінде жасырып көп ақша тапқан. Бәрін құмар ойынға салып жіберіп жүрген. Белшесінен қарызға батқан. Онысына Дастанды кінәлаған деп ойлаймыз", - дейді марқұмның достары.
Қазір күдікті қамауда жатыр.
"Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін жедел-тергеу іс-шаралары жүріп жатыр", - дейді Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.