Алматы облысында косметолог келіншекті жауыздықпен өлтіргендер сотталды

0
876

Екі айыпталушының да кінәсі толық дәлелденді.


Алматы облысында косметолог келіншекті жауыздықпен өлтіргендер сотталды

ERNUR.KZ. Алматы облысында қатыгездікпен өлтірілген косметолог Батура Мамедованың ісіне қатысты сот үкімі шықты. 28 жастағы Жангелді Қобыланов 17 жылға, ал 27 жастағы Айдана Беренова 16 жылға бас бостандығынан айырылды. Олар – азаматтық некедегі ерлі-зайыптылар, деп хабарлайды ktk.kz.

Соттың сағызша созылуына мүдделі болған азаматтық некедегі ерлі-зайыптыларға ақыры үкім шықты. Жангелді Қобыланов пен Айдана Береноваға қарақшылық және адам өлтіру баптары бойынша айып тағылған болатын. «Кінәлі» деп танылған екеудің сотта 40 жастағы келіншекті жауыздықпен өлтіргені толық дәлелденді.

- Жангелді Қобыланов қарақшылық және адам өлтіру бабтары бойынша кінәлі деп танылып, 17 жылға бас бостандығынан айырылсын. Жазасын қауіпсіздігі барынша күшейтілген колонияда өтесін. Айдана Беренова да аталған баптар бойынша кінәлі деп танылып, 16 жылға бас бостандығынан айырылсын. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа деңгейдегі колонияда өтесін, - дейді Алматы облыстық мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Айгүл Қасенова.

Сот процесінде соңғы сөз алған Жангелді Қобыланов туыстарынан кешірім сұрап, кінәсін мойындады. Ал Айдана Беренова бұл жолы да басын алып қашып, қылмысты жасырғанына өкінетінін айтты. Марқұмның туыстары сот үкімін «әділ болды» деп есептейді.

- Үш бала анасыз қалды. Берілген жазаға келісеміз. Бірақ бұл біздің қызымызды, немерелеріміздің анасын қайтып тірілітпейді. Дегенмен де темір торда отырып өздерінің ең ауыр күнә жасап, асылымыздан айырғанын түсініп, жазасын алса екен дейміз, - деді Б. Мамедованың туысы Гүлімзат Гадирова.

Алматы облысында мамыр айында із-түссіз жоғалған сұлулық салонының қызметкері Батура Мамедованың денесі үш аптадан соң көрші ауданнан табылған. Кейін күдікті ретінде азаматтық некедегі ерлі-зайыптылар ұсталған болатын. Тергеу мәліметі бойынша, қылмыскер мәйітті бір түн бойы көлігінде сақтаған. Барлық дәлелдің көзін жоюға қан болған жейдесі мен марқұмның заттарын қоса өртеген. Ал алтын алқаны сатып жіберген.

Екі айыпталушының да кінәсі толық дәлелденді. Жәбірленуші тарап үкіммен толықтай келісіп отыр. Ал сотталушылардың 15 күн ішінде апелляциялық шағым түсірер-түсірмесі әзірге белгісіз.