Алматы өңірінде білім беру, спорт және креативті индустрияны дамытуға ерекше көңіл бөлінуде.
ERNUR.KZ. Осы бағытта Нью-Йорк кино академиясының филиалы ашылып, шығармашылық адамдарға жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Академия 200 студентке арналған, оқу америкалық бағдарлама бойынша 5 бағытта (Киноөндіріс, Сценарий және актерлік шеберлік, Ойын дизайны, 3D-анимация) жүргізіледі. Қазіргі таңда 60 студент білім алуда, оның ішінде Африка және Еуропа елдерінен келген студенттер бар. Бұл туралы Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев ОКҚ алаңында өткен баспасөз конфенренциясында айтты.
Сонымен қатар Сүлеймен Демирел Университетінде жаңа инновациялық корпус өз жұмысын бастады. Жасанды интеллект және цифрлық технологиялар бағытында оқыту мен зерттеулер жүргізуге арналған заманауи орталықта 1 100 студент білім алуда.
«Футбол сүйер қауымға жақсы жаңалық. Талғар қаласында қос бірдей халықаралық стандарттарға сай футбол академияларын атап өткім келеді: испаниялық футбол академиясында еліміздің түкпір-түкпірінен 113 оқушы білім алуда және Қазақстан футбол федерациясының заманауи академиясының құрылысы басталды», – деді спикер.
Өңірдің мәдени және рухани өмірінде айрықша атап өтетін іс шаралар бар. Мәселен, «Отырар сазы» оркестрінің негізін қалаушы, танымал композитор, дирижер, Қазақстанның халық әртісі Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО деңгейінде атап өтілді. ТҮРКСОЙ ұйымымен бірлескен жобалар, Пекин, Бішкек және Москва қалаларында концерттер өткізіліп, Н.Тілендиевтің есімі мәдениет үйлеріне, көшелерге және оқу орындарына берілді.
Сонымен қатар аймақ басшысы цифрлық трансформация жұмыстарына тоқталып өтті. Оның айтуынша, облыстың «цифрлық көшірмесі» қалыптастырылды. Нәтижесінде 33 елді мекеннің 3D форматтағы цифрлық картасы әзірленіп, оның құрамына 2 000 шақырымнан астам инженерлік желілер цифрлық форматқа өтті.
Қоғамдық және жол қауіпсіздігін күшейту бағытында да нақты нәтижелер бар. Жақында еліміздегі ең ірі интеллектуалды бейнемониторинг жүйесі іске қосылып, 9 416 бейнекамера және 325 аппараттық кешен орнатылды. Бұл бейнекамераларды полиция бөлімдеріне қосу арқылы, адам көп шоғырланған жерлерде, саяжай массивтерінде, туристік орындарда қауіпсіздік қамтамасыз етіледі. Екі айдың ішінде жүйе бұзақылық, мүлік және автокөлік ұрлығы бойынша 30 қылмыстың ізін суытпай ашуға мүмкіндік берді.
Өңірдің цифрлық экожүйесін дамытудың тағы бір басым бағыты – интернет инфрақұрылымын кеңейту. 368 ауылдың 350-і, яғни 95%-ы кең жолақты интернетпен қамтылды.


