Фото: Arhiv.kp.kz
ERNUR.KZ. 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында Қазақстанның білім беру саласына негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі былтырғы кезеңмен салыстырғанда 67,1 %-ға азайды. Сарапшылар мұны ұлттық жоба аясында мектептерді жаппай салу жұмыстарының аяқталуымен байланыстырады, деп жазады Stan.kz.
2026 жылғы қаңтар-қыркүйек аралығында Қазақстан экономикасына бағытталған инвестиция көлемі жалпы 7 %-ға өскен. Алайда бұл көрсеткіш 2025 жылдың сәйкес кезеңіндегі 13,5 %-дық өсімнен әлдеқайда төмен.
Инвестициялардың басым бөлігі, яғни 65,8 %-ы кәсіпорындардың өз қаражаты есебінен қаржыландырылған. Ал бюджет қаражатының үлесі бір жылда 23 %-дан 14,3 %-ға дейін төмендеді. Банктік несиелердің үлесі 5,6 %-ға жеткенімен, жалпы инвестиция құрылымында әлі де аз болып отыр.
Қай салаларға инвестиция көбейді?
Биылғы тоғыз айда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі бірнеше салада айтарлықтай өскен. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібінде өсім 40,1 %-ды, электрмен жабдықтау саласында 36,9 %-ды, құрылыста 32 %-ды, ақпарат және байланыс саласында 29,2 %-ды құрады. Әсіресе химия өнеркәсібіне, азық-түлік пен электр жабдықтарын өндіруге салынған инвестиция көлемі артқан. Ал білім беру саласынан бөлек, мұнай-газ секторында инвестиция 21 пайызға, сумен жабдықтау саласында 14,5 пайызға, сауда саласында 1,1 пайызға қысқарған.
Бюджет қаражаты қайда бағытталды?
Бюджет инвестицияларының шамамен 59 %-ы көлік, электр және сумен жабдықтау сияқты инфрақұрылымдық салаларға жұмсалған. Сонымен қатар машиналар мен жабдықтарды сатып алуға жұмсалған қаражат 22,9 %-ға өскен. Сарапшылар мұны ірі инвестициялық жобалардың құрылыс кезеңінен жабдықтармен қамтамасыз ету кезеңіне өтуімен байланыстырады.
Halyk Finance бас сарапшысы Салтанат Игенбекованың айтуынша, машиналар мен жабдықтарға салынатын инвестицияның артуы, сондай-ақ инфрақұрылым мен өңдеу өнеркәсібіне қаржының көбеюі экономиканы технологиялық жаңғыртуға және өндірістік әлеуетті кеңейтуге мүмкіндік беруі мүмкін.


