Бұл жайттан кейін мектеп директоры жұмыстан кетті.
ERNUR.KZ. Алматы облысы Іле ауданындағы №20 жалпы білім беретін мектептің оқушылары 3 сағат кварц қосылған сыныпта отырған. Бұл туралы «Қоғамдық бақылау» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Саида Төлеуов мәлімдеді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Бір күнде 18 оқушы көз дәрігеріне жүгінген. Бұл жайт болғаннан кейін арнайы комиссия құрылды.
«Барлық ведомстволар дереу жұмылдырылды. Мәселен, облыстық денсаулық сақтау басқармасы, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, балалар омбудсмені, білім департаменті, балалардың ата-аналары. Комиссия құрылды, мен де оның құрамына кірдім. Көшпелі мониторинг жүргізіп, барлық мән-жайды зерделедік.
Балалардың көзінің қасаң қабығы күйіп қалған», - дейді «Қоғамдық бақылау» республикалық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Саида Төлеуова.
Анықталғандай, кварц оқушылар мемлекеттік емтихан тапсырып жатқан кезде қосылып тұрған. Оны тіпті мұғалімдер де байқамапты. Бір күнде 11 сыныптың 18 оқушысы офтольмологқа жүгінген.
«Мектептегі жағдайды ең алдымен ата-ана айтып хабарласты. Сыныпта оқушылармен бірге үш мұғалім де отырған. Желдетілмеген сыныпта оқушылар мемекеттік емтиханды тапсырып бітпегенше сыртқа шыға алмаған. Яғни, тәртіп сондай.
Бұл жағдай Алматы облысы Іле ауданындағы № 20 жалпы білім беретін мектепте мамыр айында болған. Осыдан кейін мектеп директоры мен оның орынбасары жұмыстан босатылды», - деді «Қоғамдық бақылау және мониторинг» республикалық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Саида Төлеуова.