Мектепте үзіліс кезінде 4-сынып оқушысы қайтыс болды.
ERNUR.KZ. Алматы облысындағы ауыл мектептерінің бірінде қайтыс болған 10 жастағы жасөспірімнің өлімін мұқият тексеріп жатыр, - деп жазады Тengrinews.kz.
Қайғылы оқиға 6 наурызда Кербұлақ ауданы Қоғалы ауылындағы жалпы білім беру мектебінде болған.
Мектепте үзіліс кезінде 4-сынып оқушысы қайтыс болды. Мұғалімдер мен мектеп инспекторы балаға алғашқы көмек көрсетуге тырысып, кейін өздері ауруханаға алып кеткен. Жолда мектепке қарай бара жатқан жедел жәрдемді кезіктірген.
Алғашқы нұсқалардың бірі бойынша, оқушы кенеттен болатын өлім синдромына ұшыраған.
"Оқушыда ұстама болып, кейін есін жимай кенеттен қайтыс болды. Денесінде жарақаттар жоқ", - деді Кербұлақ ауданы АОА бас дәрігері Қанат Қалдыбаев.
Облыс полицейлері бұл жағдайды Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ресми түрде енгізген.
"Оқушының өлімі бойынша алдын ала тергеу жұмысы жүріп жатыр. Қазір сот-медициналық сараптама нәтижесін күтіп отырмыз, кейін қорытынды процессуалдық шешім қабылданады. Тергеу жұмыстары облыстық департаменттің басшысы полиция генерал-майоры Мұрат Үрімхановтың қатаң бақылауында", - деді Алматы облысы ПД баспасөз-қызметі.